Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ескі саябақты қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын

Колоннаның қақ ортасында ауқымды сахна бой көтермек. Жақын маңда тұрған субұрқақ та жөнделуде. Тозығы жеткен орындықтар жаңартылып, ескі жарық түсіруші бағандар электр энергиясын үнемдейтін түріне ауыстырылған.

Далабай Қабдуалиев, Петропавл қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Қайта жаңғырту аясында саябақ ішінде балалар алаңдары орнатылады. Балаларға арналған автодром жасалып бітті. Велошабандоздар үшін 3,5 шақырымдық жол салынды.

Жуырда мұнда спортсүйер тұрғындар үшін екі алаң пайда болды. Енді жастар жағы жасыл желектің ортасында футбол мен баскетбол ойнай алады.

Жастар демекші, саябақты абаттандыру барысында олардың да тілектері мен ұсыныстары тыңдалып, ескерілген. Нәтижесінде келер жылы мұнда бірнеше тақырыптық бау-бақшалар жасалмақ.

Далабай Қабдуалиев, Петропавл қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Ағылшын және жапон бақшалары жасалады. Жаңғырту жұмыстары барысында тұрғындардың да тілектері мен ұсыныстарын ескердік.

Қалалық мәдениет және демалыс саябағында серуен құрып жүргендердің қатары қалың. Алғашында ескі бақты абаттандыру жұмыстарын салқын қабылдаған тұрғындар бүгінде мұндағы өзгерістерге дән риза.

Жалпы, жаңғырту жұмыстары саябақтың 32 гектарын қамтып отыр. Бұл үшін жергілікті қазынадан 285 млн теңге қаржы бөлінген.

Саят Ермек, тілші:


– Бұған дейін ұзақ уақыт күтімсіз тұрған ескі саябақ қазір біршама қалыпқа келген. Кесілген ағаштарды мынадай шыршалар алмастырған. Ал, бақтағы ескі нысандар сырланып, кейпін өзгерткен. Жаңадан орнатылған игіліктер де аз емес. Бүгінде жоспарланған жұмыстың 70 пайызы атқарылыпты. Қалғанын жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.


Саят Ермек