Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда Қазақстанның латын әліпбиіне көшу мәселесі қызу талқылануда

Еске сала кетейік, бұл – қолданысқа енетін жазудың бекітілген түрі емес. Латын графикасының жобасын жасап жатқан комиссия алдына қазақстандықтардан 100-ден астам түрлі ұсыныс түскен. Олардың барлығы болашақ әліпбидің қолайлы болуын қарастыруда.

Ғалымбек Ғайсин – еңбек ардагері:


– Бұл мәселе біркүндік жұмыс емес. Сондықтан, баппен, байыппен қарастырған жөн. Көршілес Өзбекстан секілді қате кетті деп, бірнеше рет ауыстыруға жол бермек керек. Асықпай, бүкіләлемдік тәжірибеге сүйене отырып, әлілбиді ойластыру қажет.

Қазіргі таңда әлемдегі мемлекеттердің 80 пайызы латын әліпбиін қолдануда. Бұл шамамен 5 млрд-тай халықты құрайды. Халықаралық графиканы енгізу елімізді жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз. Сөйтіп, қазақ тілі – білім мен ғылымның тіліне айнала алады дейді мамандар.

Әлия Малдыбаева – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:


– Ел мен елді, халық пен халықты теңестіретін – білім” деген М. Әуезов. Біз бүгінгі таңда әлемдік білімге талпынып жатырмыз. Сол үшін біздің жастарымызы латын жазуына көшіп, білім алуы қажет.

Латын жазуын енгізуден бөлек, оны халыққа үйрететін кадрлар болуы керек. Сондықтан, жаңа графика халыққа ұсынылған сәттен-ақ, мұғалімдер мен лингвистер арнайы курстардан өтетін болады. Бұған қоса, мамандарға арналған дидактикалық материалдар мен әдістемелік құралдарды жасауға да мән берген жөн. Жалпы, қолданысқа енетін графика Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері үшін тиімді болуы тиіс дейді тіл жанашырлары.

Зухра Ауғанбаева – М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:


–  Қазіргі таңда біздің елімізде өмір сүріп жатқан 130 ұлт өкілдері мен шетелдегі қандастырымыздың арасында қазақ тіліндегі туындыларды оқитындар саны артады деп ойлаймын.

Жиын соңында тіл реформасының қажеттілігі алға тартылатын резолюция қабылданды. Құжатта сөз алған азаматтардың ұсынысы мен ойы да ескерілмек.

Эльмира Сәдуақасова