Іскер азамат Серік Малаев Ғ.Мүсірепов ауданындағы Ковыльное селосын гүлдендіруде

Бизнес және экономика

15:02 18 Қыркүйек 2017

Владимир Дудов – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:


–  Біздің аудандағы егіс алқабының аумағы 698 мың 800 га құрайды. Оның ішінде 556 мың 600 гектарға дәнді дақыл егілген. Бұл аумақтың 70,2 пайызы жиналды. Тағы 73 мың 500 гектар жердегі майлы дақылдардың 43 пайызы соғылды. Мұнда орташа түсім гектарына – 9 центнерден. Алдағы уақытта күнбағысты жинауға кірісеміз. Оның өнімділігі гектарына 10-11 ц құрайды деген ойдамыз. Бүгінгі күні 70-тен астам шаруашылық астық ору жұмыстарын аяқтады.

“Ақселеу” серіктестігі бүгінде 13 мың га жерге егілген өнімнің 67 пайызын жинап үлгеріпті. Егер ауа райы жақсы болса, 8-10 күннің ішінде егін ору науқанын бұлар да тәмамдамақ. Жалпы, мұнда техника жыл сайын жаңартылып тұрады екен. Мәселен, биыл бұл мақсатқа 140 млн тенге жұмсалыпты.

Серік Малаев – “Ақселеу” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Жыл сайын барлық техниканы жаңартып тұрамыз. Олар алқаптағы егінді уақытында алуға мүмкіндік береді. Алдағыуақытта майлы дақылдарды көбірек егетін боламыз.

Серіктестіктің Ковыльное селосында өз элеваторы бар. Жиналған бидайды сонда сақтайды. Оны 3 жыл бұрын “Қазагроқаржы” корпорациясынан 300 млн тенге несие алып, тұрғызған. Енді, дәнді дақылдарды 150 шақырым жердегі Новоишимское селосына апарудың қажеті жоқ.

–  Технологияның қарыштаған заманы. Ковыльное селосының барлық көшелері мен кәсіпорындарында бейнекамералар орнатылған. Жалпы саны – 52. Технологияның бірақатары сол жерді 360 градусқа дейін бақылауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, 65 комбайн мен тракторларда мынадай GPS-датчиктер орнатылған.

Олардың көмегімен техниканың қай жерде жүргенін және қанша жанар-жағармай жұмсалғанын көруге болады.
“Ақселеу” серіктестігі асыл тұқымды ірі қара өсірумен де айналысады. Ол үшін Ресейден “герофорд” тұқымды 182 бас мал сатып алған. Ірі қара қысы-жазы далада бағылады. Кәсіпкердің сөзінше, Зеңгі баба төлі суыққа төзімді. Бір сиырдың салмағы 12-14 айдың ішінде 400 келіге дейін жетіп қалады екен. Оның еті сапалы келеді. Халық арасында бұл өнімді «мәрмәр» ет деп атайды. Сондықтан, оған сұраныс өте жоғары.

Серік Малаев – “Ақселеу” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Жыл сайын 40-50 бас бұқаны өзге өңірлерден кәсіпкерлер еліп сатып алады. Қазір мал басын көбейтпек ниеттеміз. Ұрғашыны 400-ге дейін жеткізсек, барлығы 700-дей болады.

Бүгінде бизнес саласын дамытамын деушілерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау зор. Мәселен, Серік Малаевқа биыл асыл тұқымды мал басын көбейту үшін – 2 млн, минералды және химиялық тыңайтқыштарға 31 млн теңге көлемінде субсидия берілген.
150 адамды жұмыспен қамтып отырған іскер азамат жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөлуде. Шағын ғана ауыл болса да мұнда наубайхана, асхана мен фитнес орталық сынды бірқатар нысандар жұмыс істейді. Соңғысы осыдан 5 жыл бұрын ашылған.

Ануар Асқар – фитнес орталығының жаттықтырушысы, Ғ.Мүсірепов ауданы:


–  Салауатты өмір салтын ұстанамын деушілер үшін орталықта барлық жағдай жасалған. Әсіресе, кешке таман мұнда келушілердің саны көп. Серік Тәттібайұлы осы ғимаратты жөндеп, тренажер, үстел теннисі сынды құрал-жабдықтарды сатып алды.

Дәл осы ғимаратта ауылды нан және тәтті тоқаштармен қамтамасыз ететін наубайхана жұмыс жасап тұр. Күніне шамамен 140 бөлке нан пісіріледі екен. Біреуінің салмағы – 750 грамм. Құны бар болғаны – 55 теңге.
Ал, мынау – Ковыльное орта мектебі. Серік Малаев оқушылардың сапалы білім алуына да өз үлесін қосуда. Іскер азамат оқуға деген ынтаны арттыру үшін үздіктерге шәкіртақы тағайындапты. Жыл сайын мамырдың 25-і оқу жылын 5-ке аяқтаған оқушылар 5-10 мың тенге көлемінде қаражат алады. Бұндай сыйақы осы білім ошағын тәмамдаған түлектерге де табысталады.

Күнсұлу Сапақпаева – Ковыльное орта мектебінің директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Серік Тәттібайұлының балаларға көрсететін қамқорлығы ерекше. Серіктестік есебінен мектептегі барлық терезе мен едендерді ауыстырдық. Өткен жылы бүлдіршіндерге арналып шағын орталық ашылды. 4-ші сыныпқа дейінгі оқушылар мен көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балғындар тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Жыл сайын нысанның жөндеу жұмыстары, шәкіртақы мен Жаңа жылда тарту ететін сыйлықтарға шамамен 1 млн теңге қаржысын жұмсайды. Бұған қоса, жазда оқушыларды түрлі демалыс орындары мен экскурсияларға апаруға қаражат бөледі.

Қыркүйектің 9-ы күні 20 оқушы “Ақсалеу” серіктестігінің қолдауымен Астана қаласында өткен ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесіне барып қайтқан екен. Ауқымды шараның куәгері атану мүмкіндігіне Диас Есімов те ие болған.

Диас Есімов – Ковыльное орта мектебінің оқушысы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Біз оқушылармен ЭКСПО көрмесіне бардық. Ондағы технологиялар мен түрлі елдердің жетістіктері бізді таң қалдырды. Көргендерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Қазір Ковыльное селосында 100-ден астам үй түтін түтетіп отыр. Аудан орталығынан – 150, ал Петропавл қаласынан 500 шақырымдай жерде орналасқан ауылда тұрғындарға барлық жағдай жасалған.
Жергілікті серіктестік ауылдағы үйлердің жартысынан астамына су өткізіп, пластикалық терезелер орнатуға көмек көрсеткен. Ал, келесі жылы мұнда қазандық іске қосылып, баспаналар орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылмақ. Осылайша, бір ғана қайырымды жанның қамқорлығы елді мекеннің дамып, гүлденуіне сеп болуда. Кәсіпкердің сөзінше ол әлі де туған жердің көркеюіне өз үлесін қосып, жас мамандар мен қоныс аударушыларды аталмыш селоға тартатын болады.

Эльмира Сәдуақасова