МТРА жаңалықтары

Қыркүйектің 16-сы шаһарымызда қалалық сенбілік өтті

Ғалия Төренова – қалалық әкімдіктің аппарат жетекшісі:


– Осы аймақта қазір Петропавлдағы барлық мемлекеттік мекемелер мен қалалық әкімдік мамандары жұмыс істеуде. Барлығы – 150-ден астам адам. Бұл – тұрғындардың шаһарымыздың тазалығына бей-жай қарамайтындығының дәлелі. Егер әр адам шығып, тым болмаса өз ауласын жинайтын болса, қала әлдеқайда көркейе түсер еді.

Мамандар сенбілікке таңғы сағат 9-дан шығыпты. Оларға бөлінген аймақ – 10 га жерді құрайды. Үлкендерге қолғабыс етуге қаланың кішкентай тұрғындары да келген екен. Біреулері өсіп кеткен талдарды кессе, біреулері қоқыстарды жиыстыруда. Сөйтіп, аз ғана уақыт ішінде олар ауқымды жұмыстың тең жартысын тындырып үлгерген.

Алмагүл Оспанова – қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі:

– Бүгін барлығымыз осы сенбілікке ат салысудамыз. Көңіл-күйіміз көтеріңкі. Қаланың көркеюіне үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымын. Осындай жақсы қарқынмен жұмысты жалғастыратын боламыз.

Қайырымдылық шара Петропавл қаласының барлық аудандарында жүргізілуде. Интернационал көшесі, 29 мекенжайы бойынша тұратын қызылжарлықтар болса, сенбілікті аяқтап та қалған. Жалпы, тұрғындар аулаларының тазалығына ерекше көңіл бөледі екен. Сондықтан, бүгін ауланы қоқыстан тазартуға ондаған адам ат салысқан.

Александра Маликова – Интернационал, 29 үйінің тұрғыны:

– Мен осы үйде 47 жыл бойы тұрамын. Біз ауланы тазалықта ұстаймыз. Себебі, далаға шыққанда балалар мен егде жастағы адамдар үшін жайлы болуы қажет. Уақтылы сенбіліктер ұйымдастырып, қоқыстарды жинаймыз.

Қалалық сенбіліктен білім ошақтары да тыс қалмады. №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің ұжымы мектеп алдын тазартып, ағаш отырғызған. Бұндай жұмысты олар жыл сайын өткізеді екен.

Ләззат Жалмұқанова – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры:


– Бүгін мектеп ұжымының жартысы қала көшелеріндегі жұмыстарға бекітілді. Қалғандары мектеп алдын тазартып, көшеттер отырғызды.

Сенбілік таңды ұйқымен өткізбей, игі іске қатысу үшін мектеп оқушылар да келіпті. Жасөспірімдер өздеріне бекітілген жерді жинап, қаланың ажарлана түсуіне өз үлестерін қосқандарына дән риза.

Еламен Қайырбек – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:

 


– Бүгін достарымызбен сенбілікке белсене қатысудамыз. Барлығының көңіл-күйі жақсы. Ауа райы да тамаша. Жақсы жұмыс атқардық деген ойдамын.

Бұдан бөлек, шара аясында қала аумағындағы аялдамалар мен бірқатар бағдаршамдар жуылды. Жалпы, қайырымдылық сенбілікке қала бойынша 32 мыңдай адам белсене қатысқан. Олардың көмегімен, 1 млн 200 мың шармы метр аумақ тазартылып, 420 тонна қоқыс қала сыртына шығарылған.

Эльмира Сәдуақасова