“Қызыл-Жар СҚ” теміртаулық “Шахтер-Болат” командасын 2-0 есебімен тізе бүктірді

Спорт

13:11 18 Қыркүйек 2017

Қос команда ойыншылары бірінші минуттан-ақ, қызу тартысқа кірісіп кетті. Екі жақтың футболшылары теңбіл допты алма кезек шабуылдағанымен, әзірге, есепті аша алмады. Дегенмен, 33 минутта солтүстікқазақстантардың айы оңынан туды. Қорғаушы Олжас Алтаев қарсыластарынан айласын асырып, қақпаға доп дарытты.

Алғашқы 45 минуттықтың аяқталуына шамалы уақыт қалды. Теміртаулықтар таблодағы көрсеткішті өзгерте алмады. Сонымен, бірінші ойын 1-0 есебімен жерлестеріміздің пайдасына шешілді.
Келесі 45 минуттық жергілікті команданың қарқынды шабуылынан басталды. Екінші ойында да біздің аяқдоп шеберлері тізгінді өз қолдарында ұстады. Ильдар Аитов 69 минутта екінші голдың авторы атанды.

Айта кетсек, теміртаулықтар кездесу соңына дейін есепті теңестіруге барын салып, тырысқанымен оларынан түк шықпады. Сонымен, ойын 2-0 есебімен аяқталды. Осы матчтан соң жерлестеріміз Бірінші лиганың турнирлік кестесінде 2-ші орынды сақтап қалды. Солтүстікқазақстандықтардың қоржынында 38 ұпай бар.

Олжас Алтаев – “Қызыл – Жар СҚ” ФК қорғаушысы:

– Бүгінгі ойын қиынға түсті.Қарсылас команда мықты екен.

Енді, “Қызыл – Жар СҚ” құрамасының кезекті кездесуі “Қарасай” стадионында қыркүйектің 24-і күні өтпек. Теріскейліктер оңтүстікқазақстандық Мақтаралды қабылдайды.

Тогжан Акмагамбетова