Мәдениет

Қазақ халқының әліпбиі осыған дейін 4 мәрте өзгерген

Аталмыш мерзімді баспасөздің 6-шы наурыз күнгі санында латын әліпбиі қалың жұртшылыққа ұсынылды. 29 ғана әріптен тұратын графикада қазіргі кезде кириллицада қолданылатын кейбір қазақтың төл дыбыстары да болыпты. Ал, жыл ортасына қарай газетте арнайы латын әліпбиін оқуға арналған айдар ашылады.

Сабира Жүнісова – СҚ мемлекеттік архивінің архивисі:


– 1929 жылдың басында латын әліпбиімен жазылған мақалалар саны біртіндеп арта бастады. Қазақ ауылдарында осы графиканы үйрету бойынша жұмыстардың нәтижесі мақала ретінде “Кеңес ауылы” газетінде басылды. Сондай-ақ, оқырмандарға арналған латын әліпбиін оқыту бойынша сабақтар жүргізілді. Онда әрбір әріптің дыбысталуы мен жазылуына мән берілген.

Жалпы, қазақ халқының әліпбиі 4 мәрте өзгерген. Алдымен түрікше, кейін арабша жазып 20-шы ғасырдың басында латын қарпіне көшті. Төте жазуға әбден үйренсе де, ел тұрғындары бұл өзгерісті оң қабылдапты. Ал, аға буын өкілдері үшін арнайы сабақтар жүргізілген. Сөйтіп, 30-шы жылдарға қарай мерзімді баспасөзден бөлек, барлық құжаттар, қаулылар мен оқулықтар латын графикасымен жазылған. Қазір, сол уақытта “Кенес ауылы” газетінде жарияланған мақалаларды жастар қиналмай-ақ оқи алады. Себебі, олар ағылшын тілін, ал ең бастысы соның негізіндегі латын жазуын меңгерген. Сондықтан, елімізді алда күткен өзгерістерге де, жас буын оңай үйреніп алады дейді мамандар.

Сәуле Мәлікова – СҚ мемлекеттік архивінің директоры:

– Латын әліпбиі – Қазақстанның халықаралық дәрежедегі беделін арттырады. Сондай-ақ, заманауи технологияларды меңгеруге септеседі. Біз өз елімізді барша әлемге жаңа қырынан танытамыз.

Қазіргі кезде түркітілдес елдердің бірқатары латын әліпбиін қолдануда. Бұндай өзгеріс біздің халық тарихында да орын алған. Сол себепті, латын жазбасына негізделген қазақ тілінің жаңа әліпбиі төл тіліміздің ерекшелігін және өзге мемлекеттердің тәжірибесін ескере отырып жасалмақ.

Эльмира Сәдуақасова