Спорт

Петропавлда “Саздағы ойындар-2017” жарысы өтті

Көлік жүргізуден тәжірибесі мол ер азаматтардың арасында Мария – жалғыз нәзікжанды. Жарыс жолына ақ Нивамен шыққан экстремал биыл да жеңістен дәмелі.

Мария Вржец, жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:


–  Менің жүргізушілік тәжірибем – 15 жыл. “Саздағы ойындарға” үшінші жыл қатарынан қатысып отырмын. Бір рет үшінші орыннан көріндім, ал былтыр жеңімпаз атандым. Спорттың бұл түріне жұбайымның айтуымен келдім. Экстримді жаным сүйеді. Денсаулығым сыр бермесе жыл сайын қатысып тұруға дайынмын.

Сайыста жалпы 12 жүргізуші бақ сынауда. Шарт бойынша әр көлік белгіленген уақыт ішінде саз-батпақты ой-шұқырлардан тұратын 1 шақырымдық трассаны өтуі тиіс. Ең көп айналым жасаған көлік – жеңімпаз. Бұл міндет жол талғамайтын темір тұлпарларға оңайға соқпады. Бірінші айналымның өзінде батпақта тұрып қалғандар аз болмады. Дөңгелектері сазға кіріп кетіп, шыға алмаған автокөлік жүргізушілеріне жанкүйерлер де көмектесіп жатты.

Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған бұл доданың жанкүйерлері аз емес. Лайға белшесінен батқан темір тұлпарлардың жарысын тамашалаушылардың қатары қалың. Қатысушылар да жыл санап көбеюде дейді ұйымдастырушылар.

Василий Вржец, жарысты ұйымдастырушы:


– Биыл өкшетаудан келген қатысушымыз бар. Көбі облыс аудандарының және қала намысын қорғайды. Трассаны өзіміз жасадық. Табиғи трасса таппадық, себебі жауынның жоқтығынан жер құрғақ. Жарыс жолы оңай емес, ойлы-қырлы жерлер көп. Сондықтан, сайыс қызықты өтуі тиіс.

Жарыс қорытындысы бойынша 1 сағат ішінде трассаны 22 рет айналған көкшетаулық жүргізуші Асқар Игібаев алдына жан салмады. Дода жеңімпазына және жүлдегерлерге демеушілердің атынан ақшалай және бағалы сыйлықтар табысталды.

Саят Ермек