Қоғам

Облыстық кітапханада жаңа түскен кітаптар көрмесі өтті

Оларда танымал ақын-жазушылардың өлеңдері мен маңызды деректерге толы шығармалары жазылған. Мына туындының әр адам үшін пайдасы зор. Өйткені, ерекше оқулықты парақтап шықсаңыз ағылшын тілін өздігінін үйренуге болады. Ал, бұл энциклопедия Қазақстан жайлы сыр шертеді. Құнды туындыны Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхана сыйға тартқан.

Галия Бегенова – С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана бөлімінің бас кітапханашысы:


–  Бұл кітапта еліміздің тарихи, танымал адамдары, табиғаты түгел жазылған. Туындының дизайн да керемет. Мұқабасы, парақтары, фотосуреттері әдемі. Кез келген адам оқи отырып отанымыз жайлы мол мәлімет ала алады. Әсіресе, бұны жастарға оқуға кеңес беремін.

Осы жерде солтүстікқазақстандық жазушылардың да еңбектері кездеседі. Туындылар қазақ және орыс тілдерінде жазылыпты. Бұл еңбектерді Камиль Хамзин мұқият қарап жүр. Жас жерлесіміздің таңдауы заманауи әдебиетке түсті. Алдағы уақытта жеткіншек америкалық қаламгер Кристи Голденнің «Варкрафт» атты кітабын алып оқуды көздейді.

Камиль Хамзин, оқырман:


–  Мен «Варкрафт» атты фильм көрдім. Компьютерлік ойынын да ойнадым. Өте қызық. Енді, кітабын оқимын. Туынды бірден көңілімнен шықты. Қызықты оқиғалары көп. Адамды бірден өзіне баурап алады.

Жалпы, көрмеге 1500 кітап қойылыпты. Туындылардың барлығы оқырман назарына ұсынылып отыр.

Қайыржан Мәлікова – С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана қызметкері:

– Кітаптар мемлекеттік тапсырыс бойынша түсті. Бюджет қаражатына алынды. Тағы, әдебиеттерді авторлар сыйға тартты.

Айта кетейік, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада жалпы 600 мыңнан аса кітап сақтаулы тұр. Биыл қорды көбейту үшін 7 млн теңге жұмсалмақ.

Байболат  Култанов