Спорт

“Құлагер” ХК “Алматы” құрамасымен қарымта ойын өткізді

Екі қақпаға бағытталған соққыларға сан жетпейді, алайда қақпашылар шабуылдарды асқан шеберлікпен тойтарып отырды. Екінші кезеңде де дәл осы сценарий қайталанды. Шайбаны ұзақ күтіп қалған жанкүйерлер жергілікті құраманы барынша қолдады.

Үшінші кезеңде құлагерліктер тактиканы өзгертті. Жергілкті команданың бомбардирі Денис Стасюк бастаған бестік түрлі комбинациялармен ойнап, қарсыласқа біршама қысым көрсеткен еді. Алайда, алматылық қақпашы Михаил Смольниковтың қорғанысын бұзу мүмкін болмады.
Ойынның негізгі уақыты шайбасыз өтті. Осылайша екі құрама да жеңіс үшін берілетін 3 ұпайдан айырылып қалды. Кездесу тағдырын қосалқы уақыт шешеді ме деп едік, ол да болмады. 5 минуттық овертайм да нәтиже бермеді. Алда – буллиттер сериясы. Айыпсоққылар топтамасында алматылық құраманың жолы болмады. Андрей Спиридонов пен Максим Рыбалко бағыттаған соққыларды Трифонов тойтарды. Ал, Виктор Луговской мен Денис Стасюк бағыттаған соққылар қарсылас қақпасына дәл тиіп, құлагерлерліктер кезекті жеңісіне қол жеткізді.

Сергей Копылец, “Құлагер” ХК қорғаушысы:


– Бұл – жаңа маусымдағы біздің 4-ші ойынымыз. Команда сәл шаршады. Онымен қоса, турнир кестесінде 2-ші тұрмыз. Орнымызды бекіту үшін ұпай жинау керек. Сондықтан, жеңісті қолдан бермеуге тырыстық.

Буллиттер серясы арқылы кездесуді жеңіспен аяқтаған “Құлагер” хоккей клубы 2 ұпай еншіледі. Қазір қызылжарлық құрама ел біріншілігінің турнир кестесінде 9 ұпай жинап, екінші орында тұр. Көш басында – әзірге, көкшетаулық “Арлан”. Енді құлагерліктер келесі 6 кездесуді қарсыластардың айдындарында өткізбек. Оларды қыркүйектің 22-23-і күндері елордалық “Номад” құрамасымен кездесу күтіп тұр.

Саят Ермек