МТРА жаңалықтары

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс 15-ші сессиясы өтті

Гүлнар Әмренова – Петропавл қалалық қаржы бөлімінің басшысы:


– 200 млн теңгеге кіріс бөлігінің ұлғаюы есебінен қала бюджетін арттыру мәселесін қарастыру ұсынылады. Бұл нақтылау Ж.Жабаев көшесіндегі қазақ театрының инвестициялық жобасын жүзеге асыру үшін қажет. Оның қайнар көзі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы пәтерлерді сату есебінен қайтарылатын қаржы болып табылады.

Сонымен, депутаттар 2017-2019 жылдарға арналған шаһар бюджетіне қатысты қалалық маслихаттың былтырғы шешіміне өзгертулер енгізу жайын бірауыздан қолдады. Талқыға түскен тағы бір тақырып – қосымша жұмсаулардың қажеттілігі. “Путеец” саяжай қауымдастығының маңында өте үлкен қоқыс алаңы пайда болған. Себебі, көктемгі тасқыннан кейін тұрғындар осы жерге бүлінген киім-кешектері мен жиһаздарын лақтырып тастаған көрінеді. Бұл орайда Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қайролла Ғалеев “Коммунхоз” серіктестігімен келісім шарт жасалып, жуық арада ескі-құсқы заттардың барлығы да шығарылатынын атап өтті. Бұған қосымша ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, бас қосуға жиылғандар “Солнечный” кентіне дейінгі жолдарды асфальпен төсеу қажеттігін сөз етті.

Қайролла Ғалеев, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Үкімет қазынасынан 2 млрд теңге бөлініп, 18 көшедегі жолдар жөнделуде. Осының аясында Қизатов көшесі де қалыпқа келтірілуде. Бүгіндері “Ашық Аспан” мердігер компаниясы Шухов көшесінен бастап Әскери институт маңындағы айналма жолға дейінгі аралықта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Содан соң, олар ары қарай 2-ші бөлікке ауысады. Осыдан кейін ол жақта жаңа асфальт болады.

Жалпы жиынның күн тәртібінде қалалық мәслихаттың бұған дейін қабылдаған шешіміне өзгертулер енгізу жөніндегі 6 сұрақ қаралды. Оның барлыға да мақұлданды.

Тогжан Акмагамбетова