Мәдениет

Н.Погодин атындағы орыс драма театрының әртістері “Белая Вежа” фестивалінен оралды

Театр труппасы байқауға 20-шы ғасырдың 30-шы жылдарында қазақ даласында орын алған ашаршылықты баяндайтын “Жұт” пьесасын апарған еді. Сол жылдары “Ұлы жұттан” қазақ халқының тең жартысы қаза тапты. Қойылымда тек ашаршылық зардабы ғана емес, адамгершіліктен айырылмау мәселесі де көтерілген. Сондықтан болар, тарихи оқиға сипатталатын қойылымды Беларусь көрермендері ерекше ықыласпен қабылдапты. Атап өту қажет, орыс драма театры – аталмыш байқауға Қазақстаннан қатысқан жалғыз мәдениет ошағы. Фестивальда Венгрия, Македония, Молдова, Финляндия сынды 15-ке жуық мемлекет өздерінің спектакльдерін ұсынған.

Елена Покрас – Н.Погодин атындағы орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Қойылымда басты рөлдерден басқа, бізде аруақтардың да кейіптері сомдалады. Сонысымен де спектакль өте әсерлі. Бұны қазылар алқасы да атап өтті. Жалпы, соңғы 10 жылдың ішінде біз жоғары деңгейдегі халықаралық фестивальға қатысқан жоқпыз. Сондықтан, театр труппасы үшін бұл өзімізді шетелдіктерге көрсетудің жақсы мүмкіндігі болды.

 

Эльмира Садвокасова