Қоғам

Қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі қызу талқылануда

Мархаба Қуантаева – “Өрлеу” БАҰО” АҚ СҚО ПҚ БАИ” директорының орынбасары:

– Алдағы уақытта латын тілін меңгеретін тренерлер оқуға жіберіледі. Бұдан кейін, солтүстікқазақстандық мұғалімдерге арнайы курстар ашып, оқытатын боламыз.

Қазақ халқы осыған дейін 4 мәрте әліпбиін ауыстырған. Сол кезеңдерде де айтарлықтар қиындықтар туындамады. Әрбір графикада халқымыздың дара тұлғалары жазып қалдырған мол мұраларымыз бар. Жалпы, Қазақстанның латын әліпбиіне көшу елімізді халықаралық дәрежеге көтермек. Бүгіннің өзінде бұл жазу әлем бойынша кең қолданыста. Әсіресе, ол интернет жүйесінде үстемдік етіп тұр.

Рашбиль Евдаев – СҚО еврей мәдени орталығының төрағасы:

– Елбасы өзінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында атап өткендей, латын әліпбиіне көшу елімізді жаңа деңгейге көтереді. Бүгінде көршілес Өзбекстан мен Түркменстан елдері дәл осы графиканы қолдануда. Біз алдағы уақытта олардың тәжірибесін ескермекпіз. Менің ойымша, жастар мен орта буын өкілдері компьютерді жақсы меңгергендіктен, бұл әліпбиді де оңай үйренеді.

Атап өту қажет, латын графикасына көшу барысында қазақстандықтарға төлқұжаттарын ауыстыру міндетті емес. Себебі, бұл жұмыс құжаттың қолданылу мерзімі аяқталғанда жүргізілмек.

 

Эльмира Садвокасова