Қоғам

Петропавлда “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы аясында 127 жас маман кәсіппен қамтылған

Мадина Осипова:

– Бұл бағдарлама туралы газеттен оқып білдім. Өздігімнен жұмыс іздеп, уақыт жоғалтқанша аталмыш жоба бойынша қызметке тұруды жөн көрдім. Еш өкінген жоқпын. Қазір тұрғындарды жұмыспен қамту орталығында есепшінің көмекшісі болып еңбек етудемін. Міндетім қиын емес, өзіме ұнайды, жалақым да ойдағыдай.

Мадина секілді “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы бойынша еңбекпен қамтылып жатқан жас мамандардың жалақысы 25 АЕК құрайды. Бұл – шамамен 57 мың теңге. Олар белгіленген жұмыс орнында жарты жыл бойы тағылымдамадан өтуі тиіс. Өзін жақсы қырынан танытса жұмыс берушімен келісім шартқа отырады екен. Олай болмаған жағдайда жұмыспен қамту орталығы жас маманды жаңа қызмет орнына бағыттайды.

Александр Белетченко, Петропавл қаласы тұрғындарды жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы:

– “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне өз мамандығы бойынша тиісті машық қалыптастыруға мүмкіндік береді. Тағылымдамадан өтушінің жасы 29-дан аспауы керек. Қазіргі таңда қалада жұмыс берушілердің тарапынан заңгер, есепші, іс жүргізуші және құрылысшы секілді мамандықтарға сұраныс көп.

Бүгінде аталған бағдарлама аясында облыс орталығындағы 65 мекемеде 127 жас маман шеберлігін шыңдауда.

Саят Ермек