Қоғам

Ғ.Мүсірепов ауданына биыл 7 отбасы қоныс аударды

Айнұр Абзалова – Ковыльное селосының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Үйіміз – жақсы, жылы. Баспана ішіне су өткізілген. Бәрі ұнайды.

Отбасы бұл үйді, әзірге, жалдап тұрып жатыр. Айына шамамен 2 мың теңгедей төлейді. Ал, болашақта сатып алмақ ниетте екен. Жалпы, Ғ.Мүсірепов ауданына биыл 7 отбасы, бұл – 36 адам қоныс аударған. Әр жанұя мүшесінің жаңа орынға көшуіне республикалық бюджеттен 35 АЕК көлемінде қаржы қарастырылады. Бұл, яғни, 79415 тенгені құрайды. Бұдан бөлек, баспананы жалға алуларына ай сайын пәтерақы беріліп тұрады. Бұл мақсатқа облыс қазынасынан 8 млн теңгедей қаражат бөлініпті.

Бәтима Амрина – Ғ. Мүсірепов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлімінің жетекшісі:

– Біздің ауданға Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарынан 7 отбасы қоныс аударды. Отағасылары жұмыспен қамтылып, оларға үй табысталды. Бір жанұя үйді сатып алды, тағы екеуіне жұмыс орнынан берілді, қалғандары жалдап тұруда.

“Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыс жалғасын таппақ. Бұл ретте теріскейлік мамандар өзге өңірлерге барып, тұрғындарды қоныс аударушыларға арналған жобамен таныстырады.

 

Эльмира Садвокасова