Қоғам

Тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау

Павел Реммик, “Эталон” ЖШС сантехник, темір ұстасы:

– Жылу желісін ағын сумен 6-7 рет шаямыз. Соңғы рет ағызғанда ішін жуған су мөп-мөлдір болып шығуы тиіс. Монометрдің тілі су қысымын 6 деп көрсетіп тұр, бұл нормаға сай.

Бұл үйде 9 подьезд бар. Сәйкесінше, мынадай 4 желі элеваторы жұмыс істейді. Осы арқылы 9 қабатты үйге таралатын жылу қадағаланады. Биыл оны басқаратын қос білдек ауыстырылған. Келесі жылдары біртіндеп өзгелері де жаңартылмақ. Қазір мамандар үйдің қысқа дайныдығын тексеріп болып қалды. Бұл қызмет үшін төленетін ақшаны барлық 114 пәтердің тұрғынынан жинап алу қиынның қиыны дейді, ПИК төрайымы Лариса Винокурова.

Лариса Винокурова, “Вагончик” ПИК төрайымы:

– Бізде жылдап ақша төлемейтін тұрғындар бар. Жүз мыңға жетіп қалған қарыздарын тек сот арқылы өндіріп аламыз. Биыл қысқа дайындықты қыркүйекте бірақ бастап отырмыз. Бұған дейін шілде-тамыз айларында жүргізетінбіз. Қазір мамандар жұмыстарын аяқтап қалды. Жуық арада қысқа дайын деген құжатымызды аламыз.

Облыс орталығында қауырт маусымға немқұрайлы қарамайтын осындай үйлер баршылық. Бірақ, әлі де болса қыстың келуіне асықпайтындары көп көрінеді.

Руслан Есмағанбетов, Петропавл қаласы әкiмдiгiнiң тұрғын үй инспекциясы бөлiмінің маманы:

– Петропавлда 1061 көпқабатты тұрғын үй бар. 11 қыркүйекке дейін оның 515-де құбырдың беріктігі тексеріліп, жуып-шаю жұмыстары жүргізілді. Жылыту маусымының басталуына аз уақыт қалды. Сондықтан, барлық ПИК төрағаларынан қысқа дайындықты жүргізулерін сұраймыз.

Петропавлда көпқабатты тұрғын үйлер қысқа әзір екендіктері туралы құжатты 10 қазанға дейін алып үлгерулері керек. Себебі, дәл осы күні қалада жылу беріледі.

 

Акбопе Танирберген