Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Мамлют ауданында болды

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде ел экономикасы өсуде. Өңіріміз де дамып келеді. Мемлекет ауыл шаруашылығына қыруар қаржы бөліп жатыр. Сол себепті, ауылдар да бір орында тұрмай, даму керек. Бүгінгі жиында мен аграрийлер мен тұрғындардың пікірін естігім келеді. Қандай жұмыстар атқарылды? Жоспарлар қандай?

Галина Швецова аталған округтің әкімі қызметіне биылғы тамыз айында тағайындалыпты. Әдеттегідей, ол ауыл азаматтарын еңбекпен қамту, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі туралы баяндады. Бірақ, тек жетістіктер ғана тізілген баяндама аймақ жетекшісінің көңілінен шықпады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мен бұл кездесуде халықтың табысы жайында білгім келеді. Былтыр олардың жалақысы қанша болды, биыл қанша? Және еңбекақыны арттыру бағытында қандай жұмыстар жоспарланған? Мені осы мәселе алаңдатады?

Мұнда иесіз қалған жер жоқ. Дегенмен де, жеке қосалқы шаруашылықта ірі қараның саны азайған. Галина Швецованың айтуынша, округте жайылымдық жерлер мен малға жем-азық жетіспейді. Адамдардың алатын пайы аз. Бұған қоса мұнда қайта өңдейтін кәсіпорындар жоқ. 446 адам жұмыссыз қол қусырып отыр. Тек жалғыз ғана шаруашылық қой өсірумен айналысады.

Құмар Ақсақалов ауылдың бар әлеуетін пайдалануды міндеттеді. Бұған қоса алқаптарда әртараптандыру жұмысын жүргізу қажет. Биыл мұнда тек дәнді дақылдар себіліпті. Тағы аймақ басшысы өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды бизнеске тарту керектігін де тілге тиек етті. Бірақ, округ тұрғындары мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға құлық танытып жатқан жоқ. Бәрін айтып кіші жастағы тұрғындарды да естен шығармаған абзал. Дубровинский орта мектебінің жанында шалғайдан келетін балаларға арналған интернат бар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекет сіздерді біліммен қамтуға тиісті. Қазір интернатта тұрып жатырсыздар. Осы мекемеде жақсы жағдайлар жасауға міндеттіміз. Сол себепті сіздердің пікірлеріңізді естіп, нені өзгерту керектігін естігім келеді.

Данил Куклицкий – Дубровинский орта мектебінің оқушысы, Мамлют ауданы:

– Мұнда су жаңа теледидар, компьютерлер және жиһаздар керек.

Ал, Ленинский селолық округіндегі 3 елді мекенде мәселе деген шаш етектен. Өткен жылы бұл жерлерден 180 адам көшіп кеткен. Жергілікті билік бұл сұрақты шешу мақсатында қоныс аударушы 15 отбасыны жайғастырған. Оңтүстіктен келген ағайын жұмыс істеуге ниет танытып отыр. Бірақ, мүмкіндік аз.
Құмар Ақсақалов Мамлют ауданының әкімі Ерболат Бекшеновке тура бір аптадан кейін тұрғындармен кездесіп жұмысқа орналастыру жөнінде көмек көрсетуді тапсырды. Бұған аграрийлер де қосылуы қажет.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің алға қойған бір жоспарлары бар. Ол енді түсінікті. Ал, қалғандары ше? Олардың табысын қалай арттырамыз? Осы жағын ойлау қажет. Аудан және округ әкімдері тиісті жоспар құрулары керек. Мен өзім 20 жыл бұрын аудан әкімі болғанмын. Бұның барлығынан өттім. Осы бағытта мардымды жұмыс істеңіздер.

Ал, Новомихайловский селолық округі – ауданда үлгі тұтарлық елді мекен. Мұнда 2,5 мыңға жуық адам тұрады. Орташа жалақы 93 мың теңгені құрайды. Облыс әкіміне тұрғындар әлеуметтік дәріханада қажетті дәрі-дәрмектің жоқтығын жеткізді. Бұл мәселе биыл округте тағы бір дәріхана ашылғанда оң шешімін таппақ. Бұдан бөлек аурухананы жөндеу жайы қозғалды. Құмар Ақсақалов бұл сұрақты өз бақылауына алатындығын айтты.

 

Риат Шони