МТРА жаңалықтары

Петропавлда құқықтық қызмет көрсету орталығы ашылады

Махаббат Кәрібайқызы – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті СҚО бойынша басқармасы бастығының орынбасары:

– Кешен қалалық ІІБ ғимаратының 1-қабатында орналасады. Қазіргі таңда мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жыл соңына дейін аяқталып, қолданысқа беріледі. Осылайша, ағымдағы жылы құқықтық қызмет көрсету орталығы халық игілігіне ұсынылады. Айта кетсек, осындай мекеме елордамызда маусымның 21-і күні ашылған болатын.

Сондай-ақ, жиын барысында “Электрондық қылмыстық іс” пилоттық жобасы таныстырылды. Мұнда өтініш жазылғаннан бастап үкім шыққанға дейінгі барлық материалдарды электронды түрде сақтауға болады. Осылайша, қанатқақты жоба тергеу жұмыстарының мерзімі мен сапасын арттырып, құжаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Өңірімізде тағы қыркүйектің соңында “Электрондық әкімшілік іс” мобильдік қосымшасы жұмысын бастайды.

Айдар Мұқанов – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетi СҚО бойынша басқармасының бөлiм бастығы:

– Әкімшілік заң бұзушылықтарды тіркейтін бірыңғай база арқылы полиция қызметкерлері хаттаманы оқиға орнында толтырады. Сонымен қатар, заң бұзушы сол жерде төлем картасы арқылы айыппұлды төлеуге мүмкіндік алады.

Айта кетсек, тергеуші бір жыл ішінде азаматтарға қылмыстық істі тергеу барысына қатыстыру үшін шамамен 2 млн-ға жуық шақырту жөнелтеді екен. Бұндай қағазбастылықтан арылу мақсатында арнайы құжат енді СМС арқылы жіберілмек.

 

Тогжан Акмагамбетова