Көлік және жолдар

Петропавлда екі көпірге күрделі және орташа жөндеу жүргізілуде

Қайырбай Садвокасов – “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– Көпірдегі автомобиль жолының бір жолағын қыркүйек айының басында қолданысқа тапсыруымыз керек еді. Алайда, көпір астынан пойыздардың жиі өтуіне байланысты кейбір кедергілер туындады. Сол себепті, “Ресей темір жолдары” компаниясының басшылығымен пойыздардың жүру кестесін келісіп алдық. Қазір жөндеу жұмыстары жоспарға сай атқарылып жатыр. жұмыстар жоспарға сай жүріп жатыр.

Қазан айының ортасында көпірдегі автомобиль жолының, әзірге, бір жолағы пайдалануға берілмек. Бұл жіңішке жол арқылы автокөліктер қалаға Жұмысшы кентіне апарар айналма жол арқылы емес, тура кіріп-шыға алатын болады. Ал, нысандағы жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтау 2018 жылдың қарашасына белгіленген. Бірақ, «Рязанов атындағы №25 көпірқұрылысы отряды» серіктестігі көпірді келер жылдың маусым-шілде айларында тапсыруды жоспарлап отыр.
Негізі бұл мақсатқа ел қазынасынан 1 млрд 258 млн теңге қаражат бөлінген екен. Оның 900 миллионы үстіміздегі жылғы жұмыстарға жұмсалмақ.

Мейрам Хамит – «Рязанов атындағы №25 көпірқұрылысы отряды» ЖШС директорының орынбасары, Алматы қаласы:

– Қарапайым жұмыстардың бәрін бүгін бітіреміз. Ал бетон, асфальт төсеу жұмыстарын көктемде бітіреміз.Көпірді келесі жылы қарашада тапсыруымыз керек. Бірақ қазір біз жоспардан алдамыз.

Ал, мынау – Есіл өзені арқылы өтетін көпір. Бұл нысанда тамыздан бері орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Медігер – елордалық “МастерГен” ЖШС.

Қайырбай Садвокасов – “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– Бұл көпірдің ескі асфальт жабыны алынып, жаңасы төселмек, бетон тақталары ауыстырылмақ. Нысанның аралық құрылымдарын да сырлау жоспарда бар.

Аталған көпірдегі жөндеу жұмыстары қазан айының басында аяқталмақ.

 

Саят Ермек