МТРА жаңалықтары

Облыстық әкімдікте қала құрылысы кеңесінің отырысы өтті

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Биыл 11 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа беріледі. Жалпы аумағы – 83,2 мың шаршы метр. Жас Өркен шағын ауданында ірі спорттық және әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың құрылысы басталды. Бұл – Теннис корты және Оқушылар сарайы. Бүгінде 80 аулада аумағы 72,3 мың шаршы метр жерде аулаішілік жолдар жөнделді. Сіздің тапсырмаңыз бойынша Береке шағын ауданында 6 көшені кеңейту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.

Петропавлдың сырт келбеті қала құрылысы кеңесінің көктемде өткен отырысында талқыланған. Жарты жыл ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Қос көпір қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Тағы 18 көше жөнделуде. Сегізіне жаңа асфальт төселді. Бірақ, сапасы сын көтереді ме?

Ирина Яуфман – Петропавл қаласының әкімі жанындағы ПИК және ТК төрағалары кеңесінің мүшесі:

– Біздің аулада төселген асфальттың жай-күйін тексеру менің міндетіме кірді. Бірақ, оның сапасы нашар болып шықты.

Атқаратын жұмыс әлі шаш етектен. Қаланың ішкі көрінісі кәсіпкерлердің мойнына артылған. Бүгінгі кездесуге осы бизнесмендер де қатысуда. Осы салаға тиесілі көптеген нысандардың қасбеті жылдар бойы жөндеу көрмеген, дизайны да көңілден шықпайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ондаған жылдар өтті. Ештеңе өзгерген жоқ. Әбден тозып біткен материалдар үйлердің, дүңгіршектердің, сауда орталықтары мен мейрамханалардың қасбетінде әлі күнге дейін тұр. Бұлай болмау қажет.

Ескіден арылып, жаңашылдыққа ұмтылу керек дейді Құмар Ақсақалов. Петропавлдың сәулеті уақыттың барлық талабына жауап беруі қажет. Сәнді көрнекі жарнама, ғимараттардың көмескі жарығы мен базарлар да өзгеше болуы керек. Айта кету қажет, соңғыларының саны облыс орталығында нормадан тоғыз есе көп екен.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл базарларға бардым, көрдім. Құдды бір 90-шы жылдар секілді. Базар иелерінің қолында қаншама ақша бар. Қалыпқа келтіруге болады ғой.

Сонымен қатар, аймақ басшысы жер инспекциясына талапқа сай емес орналасқан кәсіпкерлік нысандардың мәселесін шешуді міндеттеді. Бүгінде 9 бірдей учаске мемлекетке қайтарылыпты. Қазіргі таңда темір жол вокзалында эскалаторларды орнату жайы талқылануда. Бұл сұрақ – Құмар Ақсақаловтың жеке бақылауында.

 

Риат Шони