МТРА жаңалықтары

Алтын алған ауыр атлетші Айдар Қазовты облыс әкімі құттықтады

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:

– Солтүстік Қазақстаннан барған жеңіл атлет Екатерина Эктова жарақат алуына байланысты жоғары нәтиже көрсете алмады. Михаил Литвинов болса үздік ондыққа енді. Ал, Айдардың алған алтынының орны ерекше. Бұл – спортшыны қолдаған теріскейліктердің ғана емес, күллі Қазақстанның қуанышы. Ол – кейінгі өсіп келе жатқан жас спортшыларға үлгі, біз үшін мақтаныш.

Кейін өңір жетекшісі Қытайдағы универсиададан алтын тағынып келген зілтеміршіге Құрмет грамотасымен бірге 1 млн теңге ақшалай сыйақы табыстады.

Марапаттан спортшының жаттықтырушысы Эрик Әлібаев та құр қалған жоқ. Бапкерге алғыс хат пен 500 мың теңге табысталды. Ауыр атлет Айдар Қазов Универсиадада бірінші шыққаннан-ақ 77 келіні бағындырып, қоссайыста жұлқа көтеру бойынша үздік үштікке енді. Бұл кезеңде жерлес спортшы 145 келіні еңсерсе, Канада атлеті – 147 келі, Ресей спортшысы 150 келі зілтемірді көтеріп, айтарлықтай қауіп төндірген.

Ал, серпе көтеруде Айдар бірінші мүмкіндіктен 175 келіні оңай көтерді. Бұл көрсеткіш жүлденің ауылы алыс еместігін анықтап берді. Екінші мүмкіндікте Канада мен Ресей спортшылары бағындыра алмаған ауыр салмақты бойынан оңай асырып, нақты алтынға қол жеткізді.

Айдар Қазов, ауыр атлетикадан ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– 175-ті көтергеннен кейін үшінші-екінші орынға ілігіп тұрғаным анық болды. Маған одан кейінгі екінші мүмкіндік маңызды болды. Себебі, бұдан мүдірсем, үшінші рет көтеру-көтермеуім екіталай болды. Күш таусылады ғой. Сондықтан, екінші ретте бірден 186 келіге тапсырыс бердім де соңғы шығып күшімді сынадым. Бұл менің алтын алуыма себеп болды.

Жиында Петропавлда жаттығып жүрген жас зілтеміршілер Айдардың жеңісіне мақтанатындарын айтса, ардагер спортшылар чемпионға ақ тілектерін жаудырды. Айдар үшін алда тағы бір үлкен сын тұр. 22 жастағы чемпион қарашада АҚШ-та өтетін Әлем Чемпионатына аттанғалы отыр.

 

Акбопе Танирберген