Қоғам

Қызылжар ауданының мәдени күндері өз мәресіне жетті

Жанат Уатаева – “Мақсат” қазақ этномәдени бірлестігінің мүшесі, Қызылжар ауданы:

– Біз өзіміздің салт-дәстүріміз бен ұлттық тағамдарымызды ұмытпауымыз қажет. Оларды ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп жеткізу керек.

Қазақ, орыс, поляк, күрд, неміс, өзбек. Қызылжар ауданының мәдени күндеріне 10 этномәдени бірлестік киіз үй тігіп, өздерінің ұлттық тағамдарын дайындапты. Олар келушілерді әдет-ғұрыптары және ырымдарымен таныстырды. Бахытгүл Кемелбаева жуырда ғана Қызылорда облысынан келіпті. Теріскейде білім алатын нәзікжанды құрбыларымен бірге осы шараға келуді жөн санаған. Өзге этнос өкілдерімен танысып, өзіме мол мағлұмат алдым дейді.

Бахытгүл Кемелбаева – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж студенті:

– Мен түрлі ұлттардың ұлттық тағамдарымен таныстым. Олардың әдет-ғұрыптары біздің қазақтардан басқаша екен. Өте қызық. Маған бәрі ұнады.

Ханум, орама, самса мен палау. Бұл қандай ұлттың тағамдары екенін айтпасақ та белгілі. “Дустлик” этномәдени бірлестігі 2 жыл бұрын құрылған. Бүгін олар дүйім жұртты өздерінің ұлттық ойынымен қызықтырды.

Ереже бойынша мына бір орамал түйіншігін аяқты бүкпей, ауызбен алу қажет. Ойында бастысы – тепе-теңдікті ұстай білу.

Балзия Қылышбаева – “Дустлик” өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі, Қызылжар ауданы:

– Біздің бірлестік еліміздегі ұлттар арасындағы достықтың нышаны.

Мұнда, сондай-ақ, Қызылжар ауданының ауыл шаруашылығы, спорт пен мәдени салалардағы жетістіктері де көрсетілді. Жүздеген адам ат салысқан шара үлкен гала концертпен аяқталды.

Эльмира Садвокасова