Спорт

“Құлагер” ХК рудныйлық “Горняк”-ты қабылдады

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:

– Құрметті солтүстікқазақстандықтар, спорт сүйер қауым! Сіздерді ҚР чемпионатының басталуымен құттықтаймын. Осы жылы мақтанышымыз “Құлагер” командасына үлкен сенім артып отырмыз. Жаңа маусымда құрамаға сәттілік, үлкен жеңістер тілеймін!

Айта кетейін, жергілікті құрама жуырда тамыз 19-ы мен 27-сі аралығында Көкшетау қаласында өткен ҚР кубогін жеңіп алған болатын. Жарыстың бас жүлдесін құлагерліктерге аймақ басшысы табыстады.

Көп кешікпей тартыс басталды! Ойынның бірінші минуттарынан қарқынды шабуылға көшкен қонақтар құлагерліктерді қорғаныста ойнауға мәжбүрледі. Шабуылдар топтамасы бірінші кезеңнің аяғында нәтиже берді. 18-ші минутта есепті “Горняк” командасының 92-ші нөмірлі ойыншысы Дәулет Кенбаев ашты. Алайда, қонақтардың қуанышы көпке созылмады. Алғашқы кезеңнің аяқталуына 9 секунд қалғанда 24-ші нөмірдегі құлагерлік Дмитрий Исмагилов есепті теңестірді.

Үзіліске құрамалар 1:1 есебімен тарқады. Ал, жанкүйерлер кездесудің алғашқы 20 минутынан алған әсерлерімен бөлісті.

– Жылдамдық бар, бірін бірі түсінушілік бар, бірақ мүмкіндіктерді дұрыс пайдалана алмайды. Ойыннан жеңіс күтемін.

– Бірінші периодтың бастамасы жаман болмады. алайда “Горняк” біздің командаға қатты қысым көрсетті. Бірақ “Құлагер” мықты команда, есепті теңестірді. Екінші кезеңнен тағы бірнеше шайба күтеміз. Жеңіс біздікі!

Екінші кезеңде айдын қожайындары қарқынды шабуылға көшті. Нәтиже көп күттірмеді. Кездесудің 31-ші минутында 21-ші нөмірлі Денис Стасюк “Құлагерді” алға шығарды. Есеп – 2:1 48-ші минутта 13-ші нөмірлі ойыншы Валерий Садиков қарсылас қақпаға 3-ші шайбаны енгізді. Есеп теңестіру мақсатында қарқынды шабуылға көшкен “Горняк” құрамасы кезең бойы дөрекі ойын көрсетумен болды. Бұл екі ойыншының айдындағы төбелесіне әкеп соқтырды.

Алайда, кездесу соңына дейін есеп өзгермеді – 3:1, жеңіс – жергілікті “Құлагер” командасының еншісінде.

Дамир Рамазанов, “Құлагер” ХК қорғаушысы:

– Ойын біздің команда үшін сәтті болды. Қарсылас осал емес. Көптен бері ойнаған жоқпыз, сондықтан кездесу физикалық тұрғыдан оңайға соқпады. Дегенмен, бапкерлердің тапсырмасын орындап,алғашқы кездесуді жеңіспен аяқтадық.

Келесі күні екінші кездесу өтті. Өкінішке қарай, бұл күні ауыр жарақаттанып қалған “Құлагер” құрамасының капитаны Ильгиз Нуриев ойынды жалғастыра алмады. Көшбасшысыз қалған құрама 1-кезеңнің соңында “Горняк” командасының 71-ші нөмірдегі шабуылшысы Алексей Репкиннен шайба жіберіп алды. Екінші кезеңде құлагерліктер қарқынды шабуылдаса да қарсылас қақпаның осал тұсын таба алмады. Алайда, үшінші периодта ойын барысы өзгерді.

51-ші минутта 21-ші нөмірлі құлагерлік Денис Стасюк есепті теңестірді. Кездесудің негізгі уақытын 1:1 есебімен аяқтаған құрамалар 5 минуттық овертаймда мықтыны анықтады. Құрама капитанының жоқтығынан ба әлде басқа себеп пе, бұл жолы біздің хоккейшілеріміздің жолы болмады. Қосалқы уақыттың 2-ші минутында құлагерлік қақпашы Алексей Трифонов шайба жіберіп алды. Нәтижесінде есеп – 1:2, жеңіс – “Горняк” командасының еншісінде. “Құлагер” хоккей клубы енді келесі ойынын өз айдынында қыркүйектің 13-і-14-і күндері Алматы қаласының құрамасымен өткізеді.