МТРА жаңалықтары

“ЭКСПО-2017” халықаралық мамандандырылған көрмесі аяқталды

Әр павильонның маңында ұзын-сонар кезек. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін көрмеге келіп, әр елдің ұсынған ғажайып жобаларын көруге асық. Ал, мынау – отандық павильон «Нұр әлем». 8 қабатты алып шардың ішінде баламалы қуат көздерінің озық үлгілері мейлінше көрініс тапқан. Олармен танысамын деушілердің де қарасы қалың. Бірі мұнда алғаш келсе, енді біреуі бірнеше рет болған. Дегенмен, “Нұр әлем”-дегі әдемілік пен тың жаңашылдық қашанда көз тартады дейді келушілер.

Күлтай Баязитқызы – Қарағанды қаласының тұрғыны:

– “Нұр әлемге” кіріп Қазақстанның келешегінің мол екеніне көз жеткізіп жатырмын. Ұрпағымыз көп нәрсе алып жатыр.

Ұлттық павильонымыз жер-жерден келген туристерді де қызықтыруда. Шара басталғаннан «Нұр әлемді» 1 млн 300 мыңнан астам адам тамашалаған екен. Мұны арнайы баспасөз конференциясы барысында «Астана ЭКСПО-2017»ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әлішер Пірметов мәлімдеді.

Жалпы елімізде маңызды шараны өткізу туралы шешім қабылданғаннан бері оған дайындық қызу жүргізілді. Бөлінген 174 гектар аумақ жерде ауқымды құрылыс жұмыстары атқарылып, ірілі-ұсақты 35 нысан бой көтерді. Олар – павильондар, мәдени-ойын сауық кешендері, медиа-орталық және тамақтану орындары. Көрме аяқталған соң да олар қаңырап бос тұрмайтын болады.

Әлішер Пірметов – «Астана ЭКСПО-2017»ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Көрме аяқталған соң, нысандар түгел пайдаланылатын болады. Оның тұжырымдамасын түгел бекіттік. Жоспарлар бар. Қаржы және білім орталығын ашу көзделген. Ал, «Нұр әлем» сол көрме болып қала береді.

Көрме өткен 3 ай ішінде мұнда келушілердің қауіпсіздігі жіті бақылауда болды. Өту пункттерінде барлығы қатаң тексеріліп отырды. Ал, меймандарға жол көрсету үшін 4,5 мың ерікті жаз бойы еңбек етті. Жалпы осы уақытта 5 мыңнан астам жұмыс орны құрылыпты. ЭКСПО көрмесі бизнестің дамуына да айтарлықтай үлес қосқан.

Әлішер Пірметов – «Астана ЭКСПО-2017»ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары биринши суракка жауап:

– 50-ге жуық келісмшарт жасалды. Түрлі шарттар жасалды. Туризм дамыды Астанаға 3 ай ішінде 500 мың турист келді. Кәсіпкерлік дамыды.

Көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Үш ай бойы елордамызды паналаған олар қимастық сезіммен қоштасуда. Қонақжайлылығы үшін Астана тұрғындарына алғыстарын айтуда.

Осыған дейін көрмені бар болғаны 2 млн адам тамашалайды деп жоспарланған болатын. Алайда, бұл меже асыра орындалып отыр. Экспоны тамашалауға келгендердің қатары 4 млн-ға жуықтаған.

Бахыт Жүсіпбеков – Жезқазған қаласының тұрғыны:

– Отбасыммен келдім. Бәрі мақтап жатыр. Отпускке арнайы шығып келіп отырмыз. Жұртпен сөйлескенде бәріне ұнап жатыр.

Әлібек Ерхан – Астана қаласының тұрғыны:

– Қазақстанның қалай күннен, желден энергия алатынын түсініп жатырмын. Жақсы, жақсы мағлұмат алуға болады.

Жалпы көрмеге қатысушы әр мемлекет адамдарды қызықтыру үшін аянып қалмағаны көрініп-ақ тұр. Сондықтан, павильондарды бағалаған комиссия мүшелеріне де оңай соқпағаны анық. Дегенмен, 2 категория – тақырыптың ашылуы және дизайн бойынша қазылар алқасы үздік деген павильондарды анықтады. Оларды марапаттау рәсімі басталмас бұрын ауқымды шараны осындай деңгейде өткізген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Халықаралық көрмелер бюросының алтын медалі табысталды. Президент атынан марапатты «Астана ЭКСПО-2017»ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов алды.

Осылайша, Халықаралық көрмелер бюросы Елбасымызға білім, инновация мен серіктестіктегі негізгі құндылықтарды іске асырғаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, бұл күні Астананың қонақжайлылығы үшін ризашылық білдіріліп, көрме келушілеріне үнемі жол нұсқап отырған еріктілерге және қауіпсіздік қызметтеріне де марапаттар табыс етілді. Кейін үздік павильондардың аты жарияланды. Дизайн санатында бірінші орынға – Кариб қауымдастығы, Польша, Катар елдері мен Ресей Федерациялары ие болды.

Юлия Лопарева – Ресей Федерациясы павильонының директоры:

– Біз тақырыпты таңдауға үлкен мән бердік. Экспозицияның дизайнын жасайтын тор құрылды. Ғалымдар, құрастырушылар бірігіп “Орыс Арктикасын” жасадық. Өте керемет жоба болды. Жеңіске жеткенімізге қуаныштымын.

Ал, тақырыптың ашылуы категориясында бірінші орынға Финляндия, Швейцария, Германия және Тәжікстан елдері қол жеткізді. Соңғылары өздерінің бай табиғатының арқасында энергияны қалай алуға болатындығын көрсеткен.

Одил Сангов – Тәжікстан Республикасы павильоны бас комиссарының орынбасары:

– Тәжікстан таулы аймақта орналасқан. Сондықтан, бізде судың көп бөлігі тау-тастан шығады. Яғни, энергияның басым бөлігі сонда. Біз өз жобамызда осыны көрсеттік.

Сонымен, үш ай бойы іздеген болашақ энергиясы – ол баламалы энергия болып табылпды. Жалпы, көрме ашылғаннан аталған тақырыпты айқындайтын 140 экспозиция көрсетілген. Тағы 60-тан астам түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, қатысушы мемлекеттердің 92 ұлттық күні атап өтілді. Негізі шара жоғарғы деңгейде өтті. Ұымдастырушылар жабылу салтанатында да аянып қалмаған.

Көрменің жабылу салтанатында сөз алған Халықаралық көрмелер бюросының бас xатшысы Винсенте Гонсалес Астанада өткен шара xалықаралық көрмелер тариxында ойып тұрып орын алатындығына сенім білдірді.

Кейін мінберге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтеріліп, ЭКСПО-2017 көрмесінің өтуіне ат салысқан барлық жандарға алғысын білдірді. Тағы ауқымды шара Қазақстанның беделін арттыра түсіргендігін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– ЭКСПО-2017 көрмесін 4 миллионға жуық адам аралап көргенін тілге тиек етті. «Олардың үштен екі бөлігі – жастар мен оқушылар. Баршаның назарын аударған әсем қалашыққа күн сайын қырық-елу мың адам келіп тұрды. Көрмені 180 мемлекеттен жарты миллион адам тамашалады, яғни әрбір алтыншы қонақ шетелдік екенін атап өткім келеді. ЭКСПО-ның ең танымал орталығы – Қазақстанның павильоны – «Нұр Әлем» сферасын бүкіл әлем білетін болды. Көрме басталғалы бері бұл аймаққа 1 миллион 300 мың адам кіріп-шықты. Дүниежүзі көз тіккен ЭКСПО беделімізді биіктетті, рухымызды асқақтатты. Көрменің сәтті өтуіне мыңдаған адам атсалысты, ең алдымен Қазақстан халқына осы идеяны қолдағаны үшін шын ризашылығымды білдіремін.

Шара соңында жиналғандар назарына эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерт және бұрын-соңды болмаған отшашу ұсынылды.

– Тойдың боларынан боладысы қызық демекші, 93 күн бойы дүйім жұрттың аузында болған ЭКСПО көрмесі осымен аяқталды. Осы аралықта талай пікірлер айтылды. Соған қарамастан, ауқымды шара жас мемлекетіміздің ару астанасында барынша сән-алтанатымен өтті. Және еліміздің халықаралық аренадағы дәрежесін арттыра түсуге ықпалын тигізді.

 

Магжан Ахмадина