Денсаулық сақтау

Облыс орталығында “Біздің денсаулығымыз – біздің қолымызда” атты марафон өтті

Инна Калимбет – “СҚО бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы” ЖШС директорының орынбасары:

– Біздің денсаулығымыз – біздің қолымызда” атты марафонды жылда өткіземіз. Шараның мақсаты – барлық теріскей тұрғындарын спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Әр адам күн сайын кем дегенде 30 минут жүгірсе не болмаса таза ауада серуендесе, денсаулығына сеп болар еді.

Міне, марафон төрешісі белгі беріп, шеру басталып кетті. Жалпы, осы сынды спорттық шаралар әр демалыс сайын әлемнің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылады. Салауатты өмір салтын қолдайтындар шамалары келгенше қатысып, өз бақтарын сынайды екен. Солтүстікқазақстандықтар болса бұндай шерулерді өткізіп алмауға тырысады.

Минара Жоламанова – СҚ медицина колледжінің студенті:

– Өзім де болашақ мейірбике болғандықтан, спорттың қаншалықты маңызды екенін білемін. Сондықтан, спортпен шұғылданамын.

Ал, марафоншыларға қолдау білдіруге келгендер өз денсаулықтарын осы арада тексеру мүмкіндігіне ие болды. Облыс орталығында орналасқан барлық емдеу орындарының мамандары бүгінгі шараға ат салысуда. Олар келушілердің қан қысымын, қан құрамындағы глюкоза мен холестерин мөлшерін тексерді. Дәулет Ақылбеков марафонға екі ұлын ертіп келіпті. Олар 2017 метрді еңсеріп жатқанда, әкелері дәрігерлердің қарауына келді.

Дәулет Ақылбеков – қала тұрғыны:

– Қала тұрғындары таңнан кешке дейін жұмысты. Дәрігерге баратын уақыт жоқ. Сондықтан, осындай шаралардың ұйымдастырылғаны жақсы.

Қан құрамындағы глюкозаны әп сәтте-ақ білуге болады. Ал, холестерин мөлшерін білу үшін 3 минуттай күту қажет.

Эльмира Садвокасова