Ауыл шаруашылығы

Есіл ауданындағы “Агро-Александровка” ЖШС-нің диқандары егін ору науқанын аяқтады

Анатолий Мурзаков – “Агро-Александровка” ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:

– Негізі биылғы орақ науқанында ауа райы жақсы болды. Уақытты зая кетірмей егінді жылдам жинауға кірістік. Енді, міне, бір-екі сағаттық жұмыс қалды. Жалақымыз да көңілден шығады. Маусымдық жұмыста 1 млн теңгеден астам табыс табамыз.

Бүгін танап басына қауқары мықты техникалар таңғы шық түсісімен шыққан. Әзірге, жұмыс қызу жүруде.

– Биыл “Агро-Александровка” ЖШС-нде егін бітік шықты. Дәл қазір танап басында 9 бірлік комбайн алтын дәнді шашау шығармай жинауға кіріскен. Қазіргі таңда небәрі 100 гектар жер қалыпты. Танап басында жүрген барлық комбайндар алтын дәнді жинап, мына тұрған жүк көліктеріне төгу үстінде.

Жалпы “Агро-Александровка” ЖШС-нің иелігінде 4 мың гектардан астам егіс алқабы бар. Парға оның 700-ы қалдырылыпты. Үш жыл қатарынан бидайдың тез пісетін түмендік “Ирень” тұқымын егіп жүр екен. Енді міне еңбеккерлер ала жаздай күтіп-баптаған өнімнің барлығын орып алуда.

Сергей Шинкаренко – “Агро-Александровка” ЖШС директорының орынбасары, Есіл ауданы:

– Биыл гектар берекелігі 16 центнерден айналды. Үшінші сыныпты бидай. Жаңа сортымыз бар. Түмендік “Ирень” деп аталады. Клейковинасы биыл 26-27 пайызға дейін жетті. Жиналған ырыздықтың алғашқы партиясын диірмендерге тапсырдық. Қазіргісін элеваторларға тасып жатырмыз.

Егін жиналғаннан кейін сабан да жиылады. Қазір мына алқапта бұл іске бір трактор тартылған. Жиналған сабан қыста мал астына төселеді және “Агро-Александровка” серіктестігінің құс фермасына жөнелтіледі. Астық орылып біткен алқаптарда жұмыс тоқтамақ емес. Мұнда келер жылға дайындық қызу жүруде. Жазық далада өзгенің емес, өздерінің техникасы жүр. Сергей Шинкаренконың Петропавл қаласында трактор зауыты бар. Сол кәсіпорында мына баламасы елде жоқ егін егу кешенін құрастырып шығарған.

Сергей Шинкаренко – “Агро-Александровка” ЖШС директорының орынбасары, Есіл ауданы:

– Бұл техника үш қызметті атқара алады. Нақтырақ айтқанда, егін егеді, топырақты қопсытады және сүдігер жыртады. Бұл техника – бізде, әзірге, пилоттық жоба болып саналады. Дегенмен де, бір данасын өзге шаруа қожалығына саттық. Жақсы қырынан танылып жатса келер жылы көптеп шығаруды жоспарлап отырмыз.

Қазір бұл тегеурінді техника егіс алқабында саңылаулау жұмысын атқарып жүр. Яғни, тереңдігі 25 см болатын сүдігер жыртуда. Ол келер жылдың көктемінде қар еріген кезде егін егу науқаны басталғанға дейін ылғалды жақсы сақтауға септеседі.

Жайық Тілегенов – “Агро-Александровка” ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:

– Тың техника бұрынғысына қарағанда солярканы үнемдейді. Бір тәулікте 100 гектар жер жыртамыз. Бүгінгі күнге дейін 700 гектарын жыртып үлгердік.

Айта кету қажет, “Агро-Александровка” ЖШС Есіл ауданы бойынша егін егу науқанын алғашқылардың бірі болып бастаған. Ырыздықты жинауға да бірінші болып тамыздың 3-і күні кірісті, енді міне алтын дәнді шашау шығармай толығымен жинап та алды.

 

Риат Шони