Білім

СҚО-да 501 мектептің жартысына жуығы 5 күндік оқу апталығына көшті

Тахмина Дадашова – Петропавл қаласы Н.Крупская атындағы №10 орта мектебінің оқушысы:

– Биылдан бастап біз аптасына 5 күн оқимыз. Ал 6-шы күні факультативке барамыз, спортпен айналысамыз.

Жаңа оқу жылы басталғалы елде бірқатар мектептер 5 күндік оқу апталығына көшті. Бұл бірінші кезекте оқушыларға артылған жүктемені жеңілдетуге бағытталған. Сонымен қатар, үй тапсырмасын орындауға кететін уақыты да қысқартуды да көздейді. Айта кету қажет, биылғы жылы барлық білім беру ұяларында сабақтың ұзақтығы 45 емес 40 минутқа дейін азайды. Бұның арқасында 30 минут үнемделеді. Ол екінші ауысымда оқитын шәкірттердің мектептен ерте шығуына да септеседі.

Татьяна Анцибор – Петропавл қаласы Н.Крупская атындағы №10 орта мектептің директоры:

– Әр білім ұясы өзінің жағдайына қарай 5 күндік оқу апталығына көше алады. Министрлік барлығына бірдей міндеттеген жоқ. Оған қоса бұл өзгеріс ата-аналар комитеті және қамқоршылық кеңестің рұқсатымен ғана іске асырылады. Қазіргі таңда біздің мектепте 1-ші мен 7-ші сынып оқушылары 5 күндік оқуға көшті. Сенбі күні олар үй тапсырмасы берілмейтін факультатив сабақтарға барады немесе түрлі спорттық шараларға қатысады. Айта кету қажет, бұл өзгерістен кейін шәкірттердің демалыс мерзімі сол қалпында қалды.

Жалпы СҚО-да бүгінде 501 мектеп болса, соның жартысына жуығы 5 күндік оқу апталығына көшкен.

 

Риат Шони