Ауыл шаруашылығы

Бәйтерек ауылының тұрғындары өз кәсіптерін дөңгелетуде

Хабиба Әбдірахманова – Бәйтерек ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Құлпынайдың бұл сұрыпы екі рет өнім береді. Біріншісі шамамен маусым айларында болады. Шілдеде ол қайта гүлдеп, қыркүйектің соңына дейін тағы бір мәрте өнім береді.

Келесі өнім ауа райы жақсы болса, осы айдың соңында болады. Нәзікжандының сөзінше, бастысы дұрыс отырғызу керек.

Жалпы, Бәйтерек ауылының тұрғындары үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда 260-тан астам үй түтін түтетіп отыр, оның 120-сына су тартылған. Сондықтан, бау-бақшалықпен де, үй шаруасымен де айналысуға қолайлы.

Хабиба Әбдірахманова – Бәйтерек ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Барлық жағдай жасалған. Бұл үй – біз үшін құтты үй. Сондықтан, болашақта сатып аламыз ба деген ой бар.

Хабиба Әбдірахманова құлпынай өсіруді 1,5 жыл бұрын кәсіпке айналдырса, Сайдисламбек Әбдірайымовтың бұндай істен хабары мол. Осыдан 4 жыл бұрын ол өз қаражатына түрлі көкөністерді өсіріп, саудаға шығара бастаған.

Сайдисламбек Әбдірайымов – “Абдраимова” ЖК жетекшісі, Қызылжар ауданы:

– Бірінші жылыжайды жалға алып, кейін сатып алдық. Қазір бірнеше жылыжайым бар. Қырыққабат, сарымсақ, аскөк, шалғам, ақжелкен дегендердің түр-түрін егіп қойдық.

Қазір мұнда көкөністің 15-ке жуық түрі өсірілуде. Кәсіпкердің сөзінше, салаттық көкөністерді өсіру көп күтімді талап етпейді. Бастысы, арамшөптен уақытында тазартып, суарып отыру. Аптап ыстықтарда жерді күн сайын ылғалдандырса, салқын күндері жұмасына бір рет суару да жеткілікті болады екен. Бұл үшін іскер азамат осы жылы тамшылатып суару жүйесін орнатыпты.

Сайдисламбек Әбдірайымов: “Абдраимова” ЖК жетекшісі, Қызылжар ауданы:

– Бірінші қар кетісімен отырғызуды бастаймыз. Осы ауылдың 7-8 тұрғыны жұмыс істейді.

Көкөністердің басым бөлігінен жылына бірнеше рет өнім алуға болады. Мәселен, ақжелкен, аскөк, шалғам осы уақытқа дейін 6-7 рет өнім берген. Қар түскенше олар тағы бірнеше мәрте сатылымға шығарылады. Ал, орнатылған мына жылыжайлар минус 7-8 градусқа дейін шыдас береді екен. Сондықтан, қазан-қараша айларына дейін бұл жерде жұмыс қызу болады. Жалпы, Бәйтерек ауылында мың жарымнан астам адам тұрады. Олардың басым бөлігі жұмыспен қамтылған. 95-сінің жеке кәсібі болса, тағы 232-і адам қосалқы шаруашылықпен айналысады.

 

Эльмира Садвокасова