Спорт

Теріскейлік жеңіл атлет Елордадағы халықаралық марафонда топ жарды

Олег Сысолятин, жеңіл атлетикадан спорт шебері:

– Спортпен 4 жасымнан бастап айналысып келемін. Ата-анам да спортқа жақын болатын. Қолымнан айырылған соң жүгіру мені күйзелістен құтқарып, өмірімнің маңызды бір бөлшегіне айналды деуге болады.

Тамыздың 27-сі күні жерлесіміз Елордадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне арналған халықаралық марафонға қатысып келді. 42 км 195 метрді 5 сағат 14 минутта жүгіріп өткен ол алдына жан салмай, алтыннан алқа тағынды. Айта кету керек, бұл – спортшының 125-ші марафоны.

Олег Сысолятин, жеңіл атлетикадан спорт шебері:

– Марафонға жалпы 3 мыңға жуық спортшы қатысты. Шетелдік спортшылардың саны басым болды. 5, 10 және 42 км-лік ара қашықтықтар болды. Мен ең ұзағы – 42 шақырымға жүгірдім.

Жеңіс оңайлықпен келмеді. Жерлесімізге германиялық және итальяндық қарсыластардың алдын орау қиынға соққан. Ауа райының ыстық болуы да кедергі жасапты. Бірақ, жеңіске деген құлшыныс күшті болды дейді ол.

Олег Сысолятин, жеңіл атлетикадан спорт шебері: 

– Сынап бағанасын +38 градусты көрсетіп тұрды, жел жоқ. 35-ші километрде басымнан күн өтіп, құлап қала жаздадым. Қарсыластарымнан озып кеткенім біраз көмектесті. Үстіме мұздай су құйып, соңғы 7 километрді ойдағыдай жүгіріп шықтым.

Олег Сысолятин мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жергілікті “Үміт” спорт клубында жаттығады. Мұнда 130 адам спорттың 10 түрі бойынша шеберлігін шыңдайды.

– Қазіргі таңда Олег Сысолятин жуырда Атырау қаласында өтетін ел біріншілігіне қарқынды дайындалу үстінде. Онда спортшы жүзу және оқ атудан бағын сынамақ. Аталмыш біріншілікте облыс құрамасына сәттілік тілейміз.

Саят Ермек