Мәдениет

“Жұт” қойылымы Беларусь елінде сахналанады

Роман Лахтин, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері:

– Бізге суреттерді әкеліп көрсетті. Онда әке-шешесіз қалған шынашақтай ғана қызды аш адамдар азық етуге ұрлап кеткен. Архивтен әкелінген суреттегі баланың жәудіреген жанары өз рөлімді ойнағанда көз алдымда тұрады. Аштан қырылған шарасыз жандардың үйіндісі. Барлығын өзім барып көргендей күй кештім.

Роман Лахтин “Жұт” қойлымындағы басты кейіпкер – Ахмет Аюповты сомдайды. Әйелі Сәуле мен екі баласы бар. Бір жапырақ нан да болмай бауыр еті перзентін аман алып қалу үшін өз саусағын кесіп, пісіріп береді. Бәрібір бөбек аман қалмайды. Бұл трагедияны солтүстікқазақстандық көрермен тамашалап, өз бағасын берген. Енді Беларус елінде өтетін халықаралық фестивальде сахналанбақ. Әртістер ертең жолға шығады. Қазір дайындық қызған.

Роман Лахтин, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері:

– Ахмет – әлсіз адам. Оны ақылды әйелі қолдайды. Соңында екі баласының бірі аман алып қалып, бертін келе немересі бұл оқиға жайлы журналист қызға айтып береді. Бір ғана отбасының басынан өткен бұл оқиға күллі қазақ халқының басында болды. Осыны белорустық көрерменнің жүрегіне жеткізе ойнасақ деймін.

Беларусь Республикасында өтетін “Белая вежа” халықаралық фестивалінде Чехия, Латвия, Польша, Эстония, Ресей елдерінің театрлары өнер көрсетеді. Қазақстанның атынан тек Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының әртістері барғалы отыр. Өнер ұжымы мұндай мүмкіндік тудырған облыс әкімдігіне ерекше алғыстарын білдіріп отыр. “Жұт” туындысын қоюшы – Тимур Кәрімжанов.

Тимур Кәрімжанов, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының режисері:

– Мұнда халқымыздың бастан кешкен қиындығы бейнеленген. Бұл туралы біз айтып, көрсетуіміз керек. Халықаралық фестивальға өзгелерге ұқсамайтын, тек өзімізге тән нәрсені алып баруымыз керек. Халықаралық сыншылардың оң бағасын алудан үміттіміз.

Петропавлдық ұжым “Жұт” қойылымын Беларусь елінде 10 қыркүйек күні сахналайды.

 

Акбопе Танирберген