Қоғам

Өңірімізге Ингушетия Республикасының Тұңғыш Президенті, Кеңес Одағының Батыры Руслан Аушев келді

Нақ осы білім ұясының мұражайында Ингушетия Республикасының Тұңғыш Президенті, Кеңес Одағының Батыры Руслан Аушевқа арналған бұрыш бар. Онда жерлесіміздің өмірі туралы жазылып, суреттері қойылған. Бұдан соң, жиналғандар Ұлы Отан соғысында опат болған майдангерлер мен Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Ал, мына үйде бір кездері Аушевтар отбасы тұрған екен. Руслан Аушев осы жерде дүниеге келген.

Руслан Аушев – Ингушетия Республикасының Тұңғыш Президенті, Кеңес Одағының Батыры:

– Біз бұл жерден көшкенде мен 2 жаста болдым. Есімде ештеңе қалмапты. Бірақ, осы жер туралы айтқанда ылғи қандай жер екен деп елестететінмін. Елді мекенің бүгінгі жағдайын көріп, қуанып қалдым. Дамып жатыр. Менің үйімді де сақтап отырған жандарға алғысым шексіз.

Кейін осы үйде орнатылған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуы болды.

Бұдан соң жерлесіміз Руслан Аушев «Вайнах» этномәдени бірлестігінің өкілдері, жастар және ардагерлермен кездесу өткізді. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы және «Ұлы дала батырлары» акциялары аясында өткен шарада Ингушетия Республикасының Тұңғыш Президенті, Кеңес Одағының Батыры Руслан Аушевқа Қорғаныс Министрінің атынан «ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына – 25 жыл» мерейтойлық медаль табыс етілді.

Мұнымен марапаттаулар аяқталған жоқ. Атақты жерлестеріне айыртаулықтар ауданның Құрметті азаматы атағын да берді.Жиында сөз алған Руслан Аушев құшақ жая қарсы алып жатқан жерлестеріне алғысын білдіріп, қазақ халқына деген өзінің ыстық ықыласын жеткізді. Өйткені, сонау 1944 жылы оның ата-анасы көптеген ингуш, шешендермен бірге осы жаққа қоныс аударғанда, қазақ халқы қол ұшын беріп, көмектерін аямаған. Қиын-қыстау кезеңде депортацияға ұшыраған көптеген ұлт өкілдерін бауырына басқан.

Руслан Аушев – Ингушетия Республикасының Тұңғыш Президенті, Кеңес Одағының Батыры:

– Қазақ халқына деген алғысымыз шексіз. Егер олар осыншалықты бауырмал болмаса, біздің қазіргі жағдайымызды елестетудің өзі қиын болар еді. Қазақтар бір үзім нанын бөліп беріп отырды. Еш нәрсені аяған жоқ. Менің қазіргі дәрежеге жетуімнің өзі осылардың арқасы деп білемін. Сондықтан, қазақ халқына ризамын. Ел дамып, гүлденіп жатыр. Бұл, әрине қуантады. 

Мейман да құр қол келмепті. Ол Саумалкөл орта мектебіне автобус кілтін сыйға тартты. Ал, кездесу соңында жиналғандардың назарына шағын концерт ұсынылды.


Магжан Ахмадина