Аптадағы маңызды жаңалықтар

“А” корпусындағы мемлекеттік әкімшілік қызметкерлердің кадр резервіне іріктеу басталды

Ғалым Тұрсынбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Үміткерлер мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл жөніндегі агенттікке немесе оның аумақтық бөлімшелеріне бірқатар құжаттарды тапсыруы қажет. Олардың ішінде жеке куәлік, өтініш, жоғары білімі жайында анықтама мен облыс әкімі, сенат депутаты сынды жоғары лауазымды тұлғалардың жазған ұсыным хаты бар.

Іріктеу негізінде 3 кезеңнен тұрады. Құжаттарды қабылдау кезеңі ағымдағы айдың 15-не дейін жүзеге асырылады. Кейін тапсырылған мәліметтердің талапқа сәйкестігі тексерілмек. Ал, қазан айының 4-і мен 6-ы аралығында Астана қаласында кадрлық резерв үміткерлерінің сынағы өтеді. Кандидаттардың қазақ тілін меңгеруі, логикалық ойлауы мен құқықтық нормативтік актілерді білу деңгейі де сыналады. Соңғысы бойынша 4-ші санаттағы мемлекеттік қызмет үміткерлері – 11, ал комитет төрағасы боламын деушілер 9 тақырып бойынша тест тапсырады. Олардың әрбірі 10 сұрақтан тұрады.

Ғалым Тұрсынбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Тестілеуден өткеннен кейін, олар әңгімелесуге жіберіледі. Алдымен аймақтық кезең, кейін республикалық әңгімелесуге қатысады.

31-ші қазанға дейін барлық кезеңдерден сүрінбей өткендер “А” корпусының кадрлық резервіне енеді. Жалпы, мұндай шара соңғы рет 2015 жылы жүргізіліпті. Қазір ол резервте біздің өңірімізден 3 адам бар.

Эльмира Садвокасова