МТРА жаңалықтары

Өңірде 3-ші рет арнайы мониторинг тобының отырысы өтті

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқарамасының басшысы:

– 12 жылдық білім алуға көшу 2019-шы жылға дейін аяқталады. Бұл жүйеге келер оқу жылында 3, 6, 8 және 10-шы сыныптар, ал 2019-шы жылы 4, 9 және 11-ші сынып оқушылары көшіріледі. Жаңа оқу бағдарламасы барысында барлық білім ошақтарында 2019-шы жылдан бастап география мен тарих пәндері қазақ тілінде оқытылатын болады. Ал, дүниежүзі тарихы орыс тілінде берілмек.

Бұл ретте биыл өңірімізде жаңартылған оқу бағдарламасымен білім беру үшін 934 млн теңгеге оқулықтар сатып алынған. Оқу жылы бірнеше күн бұрын ғана басталды. Десе де, кітап тапшылығы әлден сезіле бастады дейді отырысқа қатысушылар. Ал, білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова мұндай мәселе туындаған жағдайда ата-аналар бірден аудандық немесе қалалық білім бөлімінің мамандарының көмегіне жүгінулері керек дейді. Себебі, кей мектептерде артылып қалған оқулықтар өзге білім ошақтарына жіберіледі.

Жалпы биыл облысымызда 70 мыңнан астам оқушы бар. Олар қалалар мен аудандарда орналасқан 501 мектепте білім алуда. Бірақ, биыл өңірімізде білім ошағының жетіспеушілігі мәселесі туындап отыр. Бұл ретте ағымдағы жылдан Петропавлдағы әл-Фараби қазақ мектеп-гимназиясы мен 8-ші және 10-шы орта мектептерде оқушылар 3 ауысымда білім алатын болды. Себебі, олардың саны аталған мекемелерде 3 есеге артқан.

Өңірде туындаған бұл проблема алдағы уақытта шешілуі мүмкін. Өйткені, облыс орталығында 3 бірдей мектеп салу жоспарда бар. Біреуі қаланың орталығында орын тепсе, қалған екеуі Береке және ДСР шағын аудандарында бой көтермек. Бірақ, әзірге бұл сұрақ Білім және ғылым министрлігінің қарауында жатыр. Жиылғандарды қызықтырған тағы бір мәселе бұл – оқушыларға арналған жеке-жеке шкафтардың болуы.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқарамасының басшысы:

– Алдағы 3 жылда республикамыздағы барлық мектептерде оқушылардың жеке шкафтары болады деп жоспарланып отыр. Бұл ретте біз Білім және ғылым министрлігіне 4 млн теңгенің тапсырысын жасадық. Енді оның жауабын күтіп отырмыз. Жалпы, бұл мәселе біртіндеп шешілетін болады. Себебі, кей мектептердің кабинеттері тым кішкентай. Яғни, талапқа сай келмейді.

Келесі болып мінберге салық органының қызметкері шығып, жыл басынан атқарған жұмыстары жайлы есеп берді. Өткен 8 айда аталған сала мамандары 100-ден астам қылмыстық істі қарап, мемлекетке келтірілген 1 млрд теңге шығынды ел қазынасына қайтартқан.

Нұрымжан Абатов – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметі жедел-іздестіру басқармасының басшысы:

– Ағымдағы жылы біз өңірімізде жалған 5 мың теңгелікті сақтап, оны басып шығарғысы келген азаматқа қатысты істі сотқа жібердік. Нәтижесінде ұсталған күдіктінің қылмысы дәлелденіп, ол 2 жыл 6 айға темір торға тоғытылды.

Жалған ақша істеуден бөлек, облысымызда акциздік маркалардың көшірмесін жасап, алкогольді өнімдер шығарғандар құрықталды. Нәтижесінде заңсыз саудаға шыққалы жатқан 85 млн теңгенің 100 мың шөлмек тауары тәркіленіп, жойылған.

 

Айгерим Ержанова