Денсаулық сақтау

Кардиологиялық орталықта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Азамат Мағзұмов – Кардиологиялық орталықтың бас дәрігері:

– Ғимараттың шатырын жөндеуге бюжеттен тағы 14 млн тенге бөлінді.05-58/Қазір екінші қабатқа жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған құжаттар реттелуде.

Кардиологиялық орталықта әрдайым материалдық-техникалық база жаңартылып тұрады. Мәселен, соңғы 3,5 жылда бұл мақсатқа бюджеттен 447 млн тенге бөлінген. Қаражатқа эндоскопиялық кешен, биохимиялық талдау жүргізуге арналған және ультрадыбыстық зерттеу қондырғысы сынды аппарат сатып алыныпты.

Азамат Мағзұмов – Кардиологиялық орталықтың бас дәрігері:

– Биылғы жылы облыстық бюджеттен 177 тенге бөлініп, оған электрофизиологиялық қондырғы сатып алынды. Оның көмегімен дәрігерлер ауыр оталарды жасауда. Мәселен, шамалы уақыттың ішінде 19 ота жасалды. Бұндай аппарат қасымыздағы Көкшетау, Қостанай қалаларында жоқ.

Жалпы кардиологиялық орталық 170 адамды қабылдауға қауқарлы. Қазір мұнда 59 дәрігер мен 160-қа жуық мейірбике жұмыс істейді. Мамандардың шетел хирургтерімен тәжірибе алмасуына кең мүмкіндік жасалған. Олар Сингапур, Франция, Германия, Италия, Корея сынды елдерде өтетін конференция мен шеберлік сағаттарына жиі жіберіліп ұрады. Мәселен, осындағы екі хирург жақында ғана Астана қаласында ұйымдастырылған кардиоваскулярлық және торакалдық хирургтердің съезіне қатысқан.

Игорь Шумаков – Кардиологиялық орталықтың кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Мен қыркүйектің 1-і мен 3-і аралығында өткен дүниежүзілік конгреске қатыстым. Съезге әлемнің 30 елінен мыңнан астам мықты деген хирургтер жиылды. Шарада қазіргі таңда кардиология саласында өзекті деген мәселелер көтерілді. Бұндай жиындарға қатысып, біз өз әріптестерімізбен тәжірибе алмасамыз. Әлі де шетелдік дәрігерлерден үйренеріміз көп.

Қазіргі таңда Кардиологиялық орталықтың хирургтері отаның 100-ге жуық түрін жасай алады. Оның ішінде күрделі саналатын операциялар да бар.
Жалпы жыл сайын мұнда 300-ге жуық ота жүргізіледі екен.

 

Эльмира Садвокасова