МТРА жаңалықтары

Жергілікті серіктестік отандық өнімдерді шетелде жарнамалайды

Оксана Жалек – “Ростан” ЖШС сату бөлімінің жетекшісі:

– Үстіміздегі жылы зауытта әзірленетін өнімдердің көлемі 4 есеге өсті. 8 айдың ішінде 50 тонна сары май, 86 тонна ірімшік өндірілді. Бұл былтырғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 20 пайызға жоғары. Жылда өнімнің 70 пайызы Ресейге экспортталады.

Келешекте “Ростан” серіктестігі “Есіл өңірлік даму орталығы” компаниясының көмегімен Омбы облысының нарығына шығуды көздейді.

Оксана Жалек – “Ростан” ЖШС сату бөлімінің жетекшісі:

– Биыл “Есіл өңірлік даму орталығы” серіктестігінен бізге жақсы ұсыныс түсті. Омбы, Қорған, Түмен облыстарында өнімдерімізді жарнамалауға қол ұшын береміз дейді. Бұл – азық-түлік тауарларын экспортқа бағыттаған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін үлкен қолдау. Себебі, Ресейдің нарығына өздігінше шығу қиын. Ол елде әкімшілік кедергілер көп. Келісім шартты жарты жыл қарайды.

Бүгінде “Есіл өңірлік даму орталығы” серіктестігі сүт, ет, кондитер, шарап өнімдерін өндіретін 15 шақты кәсіпорынмен келіссөздер жүргізуде.

Руслан Шарипов – “Центр регионального развития Есиль” ЖШС директоры:

– Біздің орталық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында қолға алған жобаларды соңына дейін жүзеге асыруға көмектеседі. Жергілікті кәсіпорындардың өнімдерін жарнамалаймыз, шетел нарықтарына шығаруға көмектесеміз. Бизнесмендер біліктілігі жоғары заңгерлер мен маркетологтардың қызметіне жүгіне алады. Бүгінде Омбы, Түмен облыстарында өкілдеріміз бар.

Келешекте “Есіл өңірлік даму орталығы” компаниясы Омбы облысында дүкендер желісін құруды жоспарлауда. Бәрі ойдағыдай болса, азық-түлік сауда үйлері Ресей елінің өзге де қалаларында ашылады. Онда Қазақстанда жасалған сүт, ет, кондитер, шарап өнімдері сатылатын болады.

Берік Қасен