Қоғам

Биыл СҚО-да мүмкіндігі шектеулі жандарға 698 млн теңгеге көмек көрсетілген

Марлан Сарымсақов – “Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ “Қызылжар” КҚ жетекшісі:

– Мен 99-шы жылдары ауырдым. Ал, 2003 жылдан бастап мүлдем көруден қалдым. Бастапқыда, әрине, қиын болғаны рас. Жарты жылға жуық үйде отырып қалдым. Бірақ, уақыт өте келе қимылдауымның өзі күш екенін байқап, спорт залға бара бастадым. Жеңіл атлетикамен айналысып, өзім сияқты жандармен бірге түрлі жарыстарға қатысып жүрдім.

Марлан Сарымсақов түңілмеді. Керісінше, өзін-өзі қайрап, алға қарай ұмтылды. Нәтижесінде, спортқа бет бұрып, жетістіктерге қол жеткізді. Қазір ол – жеңіл атлетикадан спорт шебері. Ал, осыдан 11 жыл бұрын үйленіп, отбасылы болды. Бүгінде ер азамат бір қыз бен бір ұлдың әкесі атанып отыр. Биыл Марлан Сарымсақовқа мемлекет тарапынан қолдау да көрсетілді. Жақында оған әлеуметтік қызметкерлер ноутбук табыстады. Бұл құрылғы мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған арнайы бағдарламамен қамтамасыз етілген.

Марлан Сарымсақов – Қазақ зағиптар қоғамы” ҚБ “Қызылжар” КҚ жетекшісі:

– Мен Браиль әдісімен оқып-жазуды үйрендім. Қазір компьютерді де меңгеріп алдым. Мәселен, мына ноутбукта арнайы бағдарламалар бар. Сондықтан, маған мұнымен жұмыс жасау оңай. Мен басқан әрбір перне дыбысталады. Қате жазылған сөз болса, ол туралы да хабарланып отырады. Мүгедек жандар үшін таптырмас құрал.

Жалпы өңір бойынша мұндай әлеуметтік көмек 3 мыңнан астам солтүстікқазақстандыққа көрсетілген. Ол үшін облыс бюджетінен – 610 млн, ал ел қасынасынан 88 млн теңге қаражат бөлініп отыр.

Светлана Бусыгина – СҚО әкімінің мүмкiндiгi шектеулi жандармен жұмыс жөнiндегi кеңесшісі:

– Бұл сомаға 4,5 мың құрылғы алынды. Оның бәрі мұқтаж жандарға таратылып берілді. Алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі адамдарға термометр, глюкометр, тонометр сынды заттар табысталатын болады. Бұдан бөлек, Браиль әдісімен оқытатын арнайы бағдарламалар мен дыбыстық өзін-өзі оқыту жобалары да берілмек.

Жыл соңына дейін тағы мүмкіндігі шектеулі 1,5 мың солтүстікқазақстандыққа дәл осындай көмек көрсетіледі деп жоспарланып отыр.

 

Айгерим Ержанова