Білім

СҚО-да 9,5 мың ұл-қыз мектеп табалдырығын аттады

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Бүгінгі күн 1-ші сынып оқушылары үшін көптен күткен және есте қаларлық күн. Себебі бұл күні олардың алдында білім есігі ашылады. Құрметті ұстаздар мен оқушылар, жаңа оқу жылы құтты болсын. Сабақтарыңызды жақсы оқып, ұлағатты ұстаздарыңызды қуанта беріңіздер. Зор денсаулық, еңбектеріңізде табыс, жаңа бастамаларда сәттілік тілеймін.

Бұдан соң 11-ші сынып оқушылары арттарынан ерген іні-сіңлілеріне Елбасының атынан алғашқы оқулықтарын тарту етті.

Биылғы жылы 9-ші орта мектептің табалдырығын 170-ке жуық бүлдірішін аттады. Демек, дәл осынша ұл-қыз үшін алғаш рет қоңырау үні соғылды.

Қоңырау соғылды. Енді оқушылар мектепке алғаш қадамдарын жасап, 12 жыл бойы білім алатын алтын ұяларына кірді. Биылғы оқу жылында мұнда 7 бірдей 1-ші сынып ашылған. Милана Өміртаева соның қазақ тобында оқиды.

Милана Өміртаева – 9-шы орта мектептің 1-ші сынып оушысы:

– Бүгін мен 1-ші сыныпқа бардым. Алғашқы қоңырауды соқтым. Енді мен тек қана 5-ке оқимын. Ата-анамды қуантамын.

Айту керек, биылғы жылдан бастап мектеп оқушылары енді жаңартылған оқу бағдарламасымен білім алатын болады. Сондықтан, ата-аналар тарапынан қобалжулар байқалуда дейді ұстаздар қауымы.

Айнұр Кабиева – 9-шы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі:

– Мен 1-ші сыныпқа 13 оқушы қабылдадым. Ата-аналар көптеген сұрақтар қоюда. Айту керек, жаңартылған бағдарламада балаларға баға қойылмайды. Олардың білімдері бірнеше әдіспен бағаланатын болады. Осы және өзге де сұрақтарды біз оқушылардың әке-шешелеріне түсіндіруге тырыстық.

Жалпы биыл 9-шы орта мектепте 1200 оқушы білім алмақ.

Нұргүл Раисова – 9-шы орта мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

– 9-шы мектепке барлығы 7 сынып қабылданды. Оның ьіреуі мемлекеттік тілде оқытылады. Жаңа бағдарламамен жұмыс жасаймыз. Сонымен қатар, биыл 11-ші сыныптардың саны екеу. Былтыр 26 оқушы мектеп аяқтады. Бңіразы грантқа түсіп, ұстаздарын қуантты.

Айту керек, биыл өңір бойынша 71 мыңнан астам ұл-қыз мектепте білім алуда. Оның 9,5 мыңы 1-ші сынып оқушылары.

 

Айгерим Ержанова