Білім

№43 орта мектептің үздік оқушылары шәкіртақы алады

Евгений Глотов, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Андрей Анатольевич – өзгелерге үлгі. Қала әкімінің атынан алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Басқа да кәсіпкерлер бұл оң бастаманы қолдайды деп үміттенеміз.

Бұл бастаманы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің көрсеткіші ретінде қарастыруға болады. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында әр азамат өз кіші отанына деген құрмет сөрсете білу керектігін айтып өтті. Андрей Исаков та өз білім ұясын құрметтеп, кейінгі ұрпақтың білім сапасын арттыруға үлес қосып отыр. Кәсіпкердің бұл ісі үшін мектептен алғыс тақтасы ашылды. Ол дәл осы білім ұясын 1989 жылы бітірген. Сыныптас достарын да, мұғалімдерін де бір уақыт ұмытқан емес. Кәсіпкер шәкірт ақы үшін айына жарты миллион теңгесін бөлмек.

Андрей Исаков, «Семейный» сауда желісінің бас директоры:

– Жыл сайын зерек, білімді оқушылар саны арта түсетініне кәміл сенемін. Олар өз білім ошақтарын жақсы қырынан танытып, еліне адал азамат болып өседі. Бұл бастама оң нәтижесін беріп жатса, алдағы уақытта шәкіртақы мөлшері де артып қалуы мүмкін.

Былтырғы оқу жылын үздік аяқтаған оқушыларға бүгін кәсіпкер алғашқы шәкіртақыларын табыстады.

Алена Головина сабағын 5-ке оқиды. 8-ші сынып оқушысының сүйікті пәні – биология.

Алена Головина, Ғ.Мүсірепов атындағы №43 орта мектептің оқушысы:

– Мен – білім ұясын ұмытпай келіп, көмектесіп тұратын түлектері бар мектептің оқушысымын. Андрей Искаков бізге жиі келеді, бүгін міне шәкіртақы тағайындап отыр. Бұл үшін алғысымыз шексіз. Енді жауапкершілігіміз артып, сабағымызды бұдан да үздік оқуға тырысатын боламыз.

Ғ.Мүсірепов атындағы 43-ші орта мектепте 823 бала оқиды. Оның әр он екіншісі – оқу озаты. Биылғы жаңашылдықтан кейін олардың саны арта түсері сөзсіз.

Акбопе Танирберген