Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да 49 элеватор үздіксіз жұмыс жасауда

Қуандық Шукубаев – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазір барлық элеваторларда жұмыс қызған. Бүгінде облыс бойынша 53 мың тонна астық қабылданды. Оның 15 мыңы – 3 сұрыпты бидай. Айту керек, жалпы өңірде 49 астық қабылдау пункті бар. Оның 17-сі жаңартылған.

Егістік алқапты әртараптандырғаннан кейін астық сақтау орындарын да жаңғыртып отыру қажет екен. Себебі, майлы дақылдар тез жанғыш келеді. Сондықтан, оларды жеке желілер арқылы қабылдау керек. Ал, мұндай мүмкіндік тек 32 элеваторда ғана бар. Оның 9-ында биыл өртену қаупі жоғары тұқымдар алғаш рет сақталмақ. Ал, Мамлют ұн үгу комбинаты майлы дақылдарды 4-ші жыл қатарынан қабылдап келеді.

Евгений Минченко – «Мамлют ұн үгу комбинаты» ЖШС бас инженері:

– Майлы дақылдарды сақтау үшін бірнеше құрылғылар сатып алдық. Кептіргіштерді де жөндеп, жаңарттық. Майға төзімді желілер орнаттық. Қазір күні-түні элеваторда жұмыс қызу. Жалпы біздің астық қабылдау кәсіпорны 245 мың тоннаға дейін дәнді-дақыл сақтауға қауқарлы.

Тәулігіне мұнда 6 мың тоннаға дейін астық қабылданады. Жалпы биыл элеваторға 120 мың тоннаға дейін дәнді-дақыл әкелінеді деген жоспар бар. Қазір астық берекелігі өңірде орта есеппен алғанда гектарына 15 центнерді құрап отыр. Айту керек, облысымыздағы егін жинау науқаны қыркүйек айының 25-не дейін аяқталады деп күтілуде.

 

Айгерим Ержанова