Спорт

Петропавлда бокстан “Ринг Патшасы” ашық біріншілігі өтті

Шаршы алаңның қызыл бұрышында – жерлесіміз Жабай Ахметов. Ол Жамбыл ауданының намысын қорғауда. Қарсыласы – қостанайлық Рауф Алиев. Тартысты кездесу нәтижесі бойынша жеңіске солтүстікқазақстандық спортшы лайықты деп танылды.

Ал, бұл – салмағы 90 келіге дейінгі боксшылардың арасындағы жекпе-жек. Шаршы алаңда – петропавлдық Андрей Степура мен алматылық Карен Пакишян. Бірақ, алматылық боксшының жарақат алып қалуына байланысты кездесу 1-ші раундтпен аяқталды. Жеңіс – жерлесіміздің қанжығасында.

Ал, абсолютті салмақта жеңісті екі солтүстікқазақстандық – Әділ Нұржаупов пен Андрей Бейсембаев сарапқа салды. Соңғы секундтарға дейін жалғасқан кездесу Әділ Нұржауповтың жеңісімен аяқталды.

Әділ Нұржаупов – кикбоксингтен облыс құрамасының бас жаттықтырушысы:

– Қарсыласымды тізе бүктіру қиынға соқты. Сонда да жеңіске жеттім. Қуанышымда шек жоқ. Ұйымдастырушыларға, жанкүйерлерге, туған-туыстарыма айтар алғысым шексіз.

Былғары қолғап шеберлерінің біріншілігіне еліміздің 4 аймағынан 19 үміткер жиналған. Қырығызстаннан келген айыр қалпақты ағайындарымыз да бар.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– “Ринг патшасы” ашық облыстық турнирі облыс әкімінің бастамасымен өткізілуде. Сайысқа жасы 35-тен асқан жігіттер қатысуда. Ең үлкені 52-де. Мұнда жас кезінде кәсіби бокспен айналысқандар да бар. Жарысқа негізінен фитнес, каратэ, ММА, күрес өзге де спорт түрлерімен ұдайы шұғылданып жүрген азаматтарды шақырдық.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медаль, грамота мен бағалы сыйлықтар табысталды. Айта кету керек, турнирдің жалпы жүлде қоры 1 миллион 200 мың теңгені құрады.