Қоғам

Қыркүйектің 1-3 аралығында мұсылмандар Құрбан айт мерекесін атап өтеді

Шәмшия қажы Бостанова – қала тұрғыны:

– Құрбан айт мерекесінде жанұямыздың басы қосылады. Барлығымыз мерекелі дастархан жайып, айт шайын ішеміз. Кейін туған-туыстар мен көрші-қолаңды мерекемен құттықтаймыз.

Биыл Құрбан айт мейрамы қыркүйек айының біріне түсіп отыр. Сондықтан, діни мереке күні барша қазақстандық демалады. Бұл күні айт намазы оқылған соң, мұсылман жұртшылығы құрбан шалады. Бірақ, сойылған малдың жасы мен денсаулығына аса мән беру керек дейді дін өкілдері.

Кенжетай қажы Дүйсенбай – «Қызылжар» облыстық орталық мешітінің бас имамы:

– Құрбандыққа қой, ешкі сиыр және түйе шалынады. Сойылатын мал ауру-сырқау болмау керек.

Құрбандыққа шалынған төрт түліктің еті 3-ке бөлінеді. Бір бөлігі туған-туыстарға, екіншісі жетім-жесірлерге берілсе, қалған бөлігін отбасы мүшелері өздері жейді. Тек етті таратқан кезде садақа емес, сыбаға ретінде берген абзал дейді «Қызылжар» облыстық орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай.
Айту керек, Құрбан айт мерекесі 3 күнге созылады. Осыған орай қыркүйек айының 3-не дейін облыс орталығында бірқатар шаралар өткізілмек.

Кенжетай қажы Дүйсенбай – «Қызылжар» облыстық орталық мешітінің бас имамы:

– Құрбан айттың алғашқы күнінде балалар үйінің тәрбиеленушілерін жинап, айт шайын береміз. Ал жалпы облыс орталығындағы “Нұр” мешітінде бірнеше спорт түрінен жарыс ұйымдастырылады.

Құрбан айт мерекесі қарсаңында «Қызылжар» орталық мешітінің қызметкерлері мен өңір қажылары «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Олар аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан 20-ға жуық оқушыға мектеп сөмкелері мен оқу құралдарын таратты. Бұл шараны олар Ұлық мейрамның соңына дейін жалғастыруды жоспарлап отыр.

 

Айгерим Ержанова