МТРА жаңалықтары

Петропавлда 90 балаға шақталған балабақша қолданысқа берілді

Замзагүл Қопышева:

– Мен өзім жұмыс істеймін. Ал қызым 1 жасқа толған беттен бастап үйде 2 жыл атасы күтті баланы. Енді міне, біздің бағымызға орай баламыз осы балабақшаға барады. Соған қуаныштымыз. Балаларымыз осы балабақшадан үлкен азамат болып шығатындығына тілектеспіз.

Түрлі түске боялған әдемі ғана балабақшаның құрылысына 320 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Мұнда 30-дан астам адам еңбек етпек. Солдардың 15-і -педагогтар.

Светлана Старцева – «Нұр бала» балабақшасының меңгерушісі:

– Мұнда 4 топ жұмыс істейтін болады. Орыс тілді балабақшада түзету тобы да болады. Онда балалармен психолог, логопед мамандар жұмыс істемек. Сондай-ақ, хореография және ағылшын тілдерінің үйірмелері жүргізіледі.

Жалпы бүгіндері Петропавл қаласы бойынша 11 мыңнан астам балғын балабақша кезегінде тұр. 900-і – 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар. Солардың 90-ы үшін бұл мәселенің күрмеуі тарқаған. Жыл соңына дейін аталған проблема толығымен шешімін таппақ деді нысанның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Елбасы 2020 жылға дейін 3-тен 6 жасқа дейінгі балғындарды толығымен балабақшамен қамтуды жүктеді. Біздер бұл міндетті мерзімінен бұрын, яғни биыл толық орындамақпыз. Айта кету керек, бұл ретте мемлекеттік-жекеменшік серіктестің пайдасы зор.

Кейін облыс әкімі нысаның ішін аралап, мұнда балаларға жасалған жағдаймен таныс болды. Бүлдіршіндердің арнайы дайындаған концертін тамашалады.

Бұл күні аймақ жетекшісі Береке шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген 5 қабатты тұрғын үйге де соқты. Уральский көшесінде орналасқан 100 пәтерлі баспананы «Зерттеу СҚО» серіктестігі тұрғызыпты. Баспана құрылысы өткен жылдың күзінде басталған болатын. Биыл мамыр айында қолданысқа тапсырылды. Бүгіндері мұнда отбасылар біртіндеп орналасып жатыр. Роза Саркен 3 жыл бойы Қазақстаның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қаржы жинап, биыл баспаналы болған. Осы үйден пәтер алған нәзік жандының қуанышында шек жоқ. Ол мұнда қызы және немересімен тұратын болады.

Роза Саркен:

– Біз 3 жыл жинадық ақшаны. 30 пайыз жинадық. Әкімдікте кезекте тұрдық. 12 жыл 51 мың теңгеден төлейміз. Пәтеріміз жақсы, жарық. Жақын жерде балабақша, мектеп бар.

Қазіргі уақытта «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Петропавлда 16 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

 

Магжан Ахмадина