МТРА жаңалықтары

Облыс орталығында қалалық тамыз кеңесі өтті

Гаухар Темірбаева – Петропавл қалалық білім бөлімінің әдіскері:

– 2018-2019 оқу жылына дайындық ретінде осы жылдан бастап биология, физика, химия пәндері ағылшын тілінде факультатив сабақтарда оқытылатын болады.

Айта кеткен жөн, жыл сайын өңірде оқушылар саны артып келеді.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Биылғы жылы өңір бойынша 9000 бала бірінші сыныпқа барады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда мыңға артық.

Келесі жылдан бастап облыс оқушылары өңір өлкесін тану жөніндегі оқулықты қолдарына алмақ. Қазір бұл кітапты жазу үшін арнайы авторлар тобы құрылған. Бұл білім беру жүйесіне енгізілетін жалғыз өзгерістер емес. Алдағы оқу жылында Қазақстан тарихы, география, қазақ әдебиеті сынды пән сабақтары енді музейлерде оқытылатын болады. Бұндай жаңашылдықтарға қала мұғалімдері мен оқушылары дайын. Мәселен, жаңа форматтағы ҰБТ-дің де нәтижесі бүгінде жаман емес дейді, қала әкімі Марат Тасмағанбетов.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Биыл қала түлектері ҰБТ-дан бірінші рет облыс бойынша ең алғашқы орында тұр. 20 оқушы “Алтын белгіні” иеленіп, тағы 15-і ерекше аттестат алды. Әсіресе, Дарын мектеп-лицейін атап өткен жөн. Олардың орташа ұпайы 104,5-ті құрады.

Қазір шаһарда 36 білім ошағының барлығында дерлік бос орын жоқ. Сондықтан, алдағы уақытта Жас өркен және Береке шағын аудандарында 900 және 600 балаға арналған екі мектеп салынбақ. Жиын соңында үздік мұғалімдер облыс және қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Эльмира Садвокасова