Аптадағы маңызды жаңалықтар

Астанада СҚО мәдениет күндері өз мәресіне жетті

Қағира Дауенова – іс тігудің шебері:

 


–  Біздің СҚО-нда бір қолдавн шығатын қыз жасауын жоқ. Соны дамытамын ба деген ойым бар. Қазір бұл өнерді келініме үйретудемін. Менен кейін сол жалғастырса деймін.

Елордаға шебер 100-ден астам бұйым әкеліпті.

–  Бұл жерде Қағира апа қолөнер бұйымдарын сатып қана қоймай, оларға қызығушылық танытқандарға тегін шеберлік сағаттарын ұйымдастыруда. Апа-әжелерімізден келе жатқан бұл өнерді мен де меңгеріп алуды жөн санадым. Дәл қазір Қағира Хәкімқызы ою көрпе тігуді үйретеді. Ал, қәне, апа бастасақ.

Сондай-ақ, Астанадағы СҚО-ның мәдениет күндері аясында Елорда төрінде Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрының әртістері өнер көрсетті.

Теріскейлік әртістер Қалибек Қуанышбаев театрының сахнасында Гогольдің “Ревизор”-ын қойды. Өйткені, бұл комедияны елордалықтардың өздері сұраған көрінеді. Айту керек, солтүстікқазақстандық әртістер бұл қойылымды осыдан екі жыл бұрын сахналаған. Бұл уақыт аралығында спектакль көрермен көзайымына айналып, бірнеше марапатқа ие де болып үлгерген.

Баатырбек Шамбетов – С.Мұқанов қазақ сазды-драма театрының бас режиссері:

– Бұл спектакль Бішкекте өткен “Артордо” фестивалінде үлкен жүлдеге ие болған. Критиктер көзайымы да болды. Бұл қойылым әлі де сұранысқа ие.

Ал, Николай Погодин атындағы орыс драма теартының әртістері Гогольдің «Ночь перед Рождеством» қойылымын сахналады. Бұл спектакль де көрерменнің көзайымына айналды.

– Бүгін міне, Астана қаласындағы СҚО-ның мәдениет күндері өз мәресіне жетті. 4 күн ішінде өңір өнерпаздары елорда тұрғындары мен қонақтарына түрлі қойылымдар қойып, спорттық ойындар ұйымдастырды. Ал, шараның соңғы нүктесі қазір «Астана ЕХРО» халықаралық көрмесі аумағында орналасқан амфитеатрда қойылмақ.

Міне, концерт те басталды. Сахнаның шымылдығын алғашқы болып «Туған жер» мен «Әдемау» би ансамбльдері ашты.

Елордадағы СҚО мәдениет күндерінің қорытынды гала-концертін өңір басшысы Құмар Ақсақалов пен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов және Астана қаласының әкімі Әсет Есекешов тамашалады.

«Қызылжар елі-Жемчужина Казахстана» атты концерттік бағдарламаға барлығы 400-ден астам өнерпаз қатысты. Ең кішкентайы – 10 жасар жерлесіміз Әмина Жаппар. Биыл жас әнші “Детская новая волна” байқауында ел намысын қорғап, “Көрермендер көзайымы” жүлдесін иеленген болатын. Ресейліктерді талантымен тәнті еткен жас дарын бүгін астаналықтарды өз өнерімен таң қалдырды.

Әмина Жаппар:


–  Бүгін Астанада үлкен сахнада өнер көрсеткеніме өте қуаныштымын. Әрине, қобалжыдым. Бірақ, барынша тырыстым. Ағылшын тілінде рок жанрында ән айтып, сол энергетиканы жеткізуге тырыстым. Қолдаған барлық қазақстандықтарға алғысым шексіз.

Концертке жиналған қауым үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмилә Серкебаеваның өнер көрсетуі тосын сый болды. Амфитеатр сахнасында ол СҚО-ның тумасы КСРО халық әртісі әкесі Ермек Серкебаевқа арналған толғанысқа толы «Поппури» композициясын орындады.

Бұл күні солтүстікқазақстандықтармен қатар елімізге танымал «Ринго» тобы мен «Аюми» қыздар ұжымы өнер көрсетті.
Айту керек, гала-концертке 5 мыңнан астам көрермен келіп, жергілікті өнерпаздарға қолдау көрсетті.

– СҚО концерті өте қатты ұнады. Билері де әдемі әрі әсерлі.


–  Концерт көңіл-күйімізді көтерді. Тамаша.

Ал, келесі болып Астанада мәдениет күндерін Оңтүстік Қазақстан облысы өткізетін болады.

 

Айгерім Ержанова