Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда 3-ші өңірлік инвесторлар кеңесі өтті

Риат Шони, тілші:

– СҚО-ның инвестициялық потенциалы жоғары. Бірақ, қаржыны қай салаға құйған дұрыс болады және ұсынылған жобалар теріскей үшін несімен тиімді? Осы және өзге де мәселелер қазір 3-ші өңірлік инвесторлар кеңесінде егжей-тегжейлі талқыланбақ. Бұл маңызды жиынға алыс-жақын шетелден 200-ден астам мейман келіп отыр.

Бұл жандар алдағы уақытта теріскей өңіріне қаржы құйып, бірқатар жобаларды іске асырмақ ниетте. Маңызды жиынға қатысуға келген делегациялардың қатарында Қазақстандағы Литва Республикасы елшілігінің үшінші хатшысы Адомас Давалга да бар. Мейман өз мемлекетіндегі кәсіпкерлердің мүддесін таныстыруда. Ол жақтың қалталы азаматтары өңіріміздің бірқатар салаларына қызығушылық танытып жатыр екен. Литваның инвесторлары қазақстандық бизнесмендерге істерін дөңгелетуге ат салысып, Еуропа нарығына шығу үшін қол ұшын созуға дайын.

Адомас Давалга – Қазақстандағы Литва Республикасы елшілігінің үшінші хатшысы:


–  Әріптестік орнатып, бірге іс тындыруға бел байлап отырмыз. Қазіргі таңда университеттеріңізбен де жақсы қарым-қатынастамыз. Бұдан бөлек көлік логистикасы, ауыл шаруашылығы саласы, металл өңдеу сынды өнеркәсіптерге қызығушылық танытудамыз. Себебі, Литва табиғи минералдарымен мақтана алмайды. Ал, сіздерде оның қоры мол.

Инвесторлар кеңесіне келген меймандардың назарына өңір аудандарының көрмесі ұсынылды. Қалталы азаматтарға аудандарда қай салаға қаржы құюға болатындығы туралы айтылды. Мәселен, Есіл ауданында жел генераторын орнатуға мүмкіндік бар. Бұндай қондырғы, әзірге, Новоникольское селосында ғана жұмыс істеп тұр.

Мұратбек Әбішев – Есіл ауданының әкімі:

– Есіл ауданы жел генераторларын орнатуға қолайлы жер болып табылады. Қазір инвестор келіп қарап жатыр. Сондай-ақ, туризм саласында дамыту қажет. Осы бағытқа қалталы азамат керек.

Өңіріміз жайлы толыққанды ақпарат шетелдің қалталы азаматтарына пленарлық отырыста айтылды. Меймандар алдында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов сөз сөйлеп, облысқа инвестиция тарту бойынша қойылған міндеттерді баяндады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Елбасы тапсырмасына сай біз инвесторларды тарту мен инвестициялық климатты жақсарту бойынша кеңес құрдық. Кеңес жұмысының басым бағыттарының бірі – ол қазір өңірде істеп жатқан қалталы азаматтар мен әріптестік орнатуға ниет танытқан жандардың құқығы мен мүддесін қорғау. Бүгінгі отырысқа 7 мемлекеттен 200-ден астам мейман келді. Алдағы уақытта инвесторлар кеңесін тоқсан сайын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Бұдан соң сөз кезегі облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбекке берілді. Ол өңірімізде қазір қалыптасқан инвестициялық климат жайында баяндады. Бүгінде шетелдік бизнесмендер экономиканың басым секторларында жобаны жүзеге асырғанда корпоративтік және жер салығынан 10 жылға дейін босатылады. Бұдан бөлек мемлекеттік бағдарламалар аясында субсиядия алу мүмкіндігі де бар. Тағы жиында ауыл шаруашылығы саласы да сөз болды.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:


–  Ауыл шаруашылығы өндірісінде бүгінде жұмысқа қабілеттілердің үштен бір бөлігі еңбек етуде. Өткен жылы қамбаға 5 млн тоннадан астам астық құйылды. Орылған алтын дәнді сақтауға тиісті жағдай жасалынған. Барлық элеваторлардың жалпы сыйымдылығы 6 млн тоннадан астам. Жыл сайын өңіріміз 1,5 млн тонна астықты экспорттайды. Бұдан бөлек Айыртау ауданында ресейлік инвесторлармен бірлесе майлы дақылдарды тазартуға, кептіру мен сақтауға арналған кешен тұрғызылып жатыр.

Тағы өңірде қытайдың қалталы азаматтарының қатысуымен Тайынша ауданында майлы дақылдарды қайта өңдейтін зауыт ашылды. Оған 6 млрд шетелдік инвестиция құйылды. Кәсіпорын жылына 300 тонна шикізатты қайта өңдеуге қауқарлы. Қытайлықтарды сәтті жүзеге асқан жоба қызықтырған көрінеді аспан асты елінің инвесторлары солтүстік аймақпен әріптестік орнатуға құлшыныс танытып отыр. Мәселен, қытайлық ШиЯн ДеРуй Гонг Мао Цо компаниясы Петропавл қаласында “КАЗ авмотомобиль машиналары мен қондырғылары индустриалды паркі” жобасын жүзеге асырмақшы. Ол Есіл өзенінің бойында, облыс орталығының солтүстігінде орналасады. Аумағы 500 гектарды құрайды деген болжам бар. Бүгін аспан асты елінің өкілі өз жоспарымен отырыста бөлісіп, Петропавл қаласы әкімшілігімен әріптестік орнатуға дайын екендігін айтты.

Ван Тянде – “Shiyan Derui Gong Mao Co. Ltd” компаниясының басқарма төрағасы, ҚХР:

– Біз машина мен қондырғылар жасауды зерттейтін ең озық база құруды көздеп отырмыз. Жобаның алғашқы кезеңінде өзге қытайлық кәсіпорындармен стратегиялық әріптестік орнатылады. Алдыңғы қатарлы компаниялардан түрлі машиналардың бөлшектері мен қондырғыларын сатып алып, осында құрастыратын боламыз. Бұның арқасында 3-4 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, Қазақстандағы өнеркәсіптің дамуына тың серпіліс береді. Ал, жобаның екінші кезеңінде жұмысшылардың баспанасы мәселесі шешілмек. Ол үшін алыс емес жерден жаңа қалашық салуды көздеп отырмыз.

Бұл жоба Қазақстанның “Нұрлы жол” бағдарламасы мен Қытайдың “Бір белдеу, бір жол” стратегиясы аясында жүзеге асырылмақ. Бүгін аспан асты елінің өкілі пленарлық отырыстан кейін Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетовпен шаһар аумағында машина жасау кластерін құру жөнінде сомасы 65 млрд теңге тұратын меморандумға қол қойысты. Енді келер жылы облыс орталығында қытайлықтардың ауқымды жобасы іске асырыла бастамақ.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамалары жасалып жатыр. Алдағы уақытта бұл келісім қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен оң өзгеріс әкеледі. Бүгінде бірлескен кәсіпорын ашылып, қалада өкілдігі пайда болды. Біз өз тарапымыздан жер учаскесін беріп отырмыз. Қытайлықтар жерлестерімізді машина жасау кластеріне үйретіп, оларды жұмыс және баспанамен де қамтымақ. Бұған қоса кәсіпорын аумағында демалыс аймағы пайда болады.

Жалпы пленарлық отырыстың соңында өңір аудандарының әкімдері шетелдік және отандық инвесторлармен 11 меморандумға қол қойысты.

 

Риат Шони