Құқық қорғау органдары

Ақтөбе облыстық ІІД “Парасатты полицей-2017” республикалық байқауының жеңімпазы атанды

Тәртіп сақшыларының жұмысын министрлік өкілдері мен елге белгілі кино актерлері, түрлі ұйым жетекшілері бағалады. Қазылар алқасының шешімімен басты жүлдеге Ақтөбе облысының құрамасы лайық деп танылды.

Жеңімпаздар қоғамда күнделікті көріп жүрген мәселелерді өзге әріптестеріне қарағанда сахнада астарлы әзілмен шебер жеткізе білген көрінеді. Ұжым мүшелеріне ноутбук таратылды.

Іңкәрбек Малаев – Ақтөбе облыстық ІІД ЖПҚ учаскелік инспекторы, “Серт береміз” құрамасының капитаны:


– Осы байқаудың арқасында тәртіп сақшылары бір-бірімен жақынырақ танысады. Тәжірибе алмасады.

Ақмола және Жамбыл облыстарының құрамалары екінші орыннан көрінді. Конкурс қатысушыларына смарт теледидардан үлестірілді. Үздік үштікті Қостанай, Павлодар және Маңғыстау облыстары тұйықтады. Үш өңірдің полицейлеріне ұялы телефон сыйланды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне аймақ басшысы қатысты. Құмар Ақсақалов елдің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген ІІО-дарының жұмысына айрықша тоқталып, баршасын Қазақстан полициясының 25 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ел қауіпсізідігін қамтамасыз етуде тәртіп сақшылары үнемі алдыңғы шептен көрінеді. Отбасыларыңызға аманды, жемісті еңбек тілеймін.

Осы күні мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңестуге үлес қосып жүрген шенділер облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолынан Құрмет грамота алды.

Сондай-ақ, бұл күні “Үздік капитан”, “Ең ұйымшыл команда”, “Көрермендер көзайымы” және “Өзге ұлт өкілінен шыққан үздік қызметкер” аталымдарында ерекшеленгендер марапатталды. Түрлі номинация жеңімпаздарына тұрмыстық техникалар үлестірілді.

Биыл Қазақстан полициясының 25 жылдық мерейтойына орай барлық ел аймақтарындағы ІІД-терінің арасында бейнеролик байқау ұйымдастырылған. Соның қорытындысы да жарияланып, жұмысы жақсы шыққандары сыйлыққа ие болды. Бірінші орынды Маңғыстау облысы жеңіп алды. Олар бейнероликті Каспий теңізінде түсіріп өзгелерінен ерекшеленіпті. Қалған жүлделі орындарды Солтүстік, Шығыс Қазақстан облыстары, Астана, Алматы өңірлері бөлісті.

Жиында барысында “Парасатты полицей” байқауының рәмізі Алматы облысының ІІД-не тапсырылды. Бұл келесі жылы аталмыш конкурс сол аймақта өткізіледі дегенді білдіреді.

Берік Қасен