Аптадағы маңызды жаңалықтар

Егінге орақ салынды

Жалпы серіктестік биыл 33 мың гектар жерге дән сіңірген. Тағы 7 мың гектар алқап парға қалдырылыпты. Агроқұрылым басшысы бұл жаққа жаңбыр аз жауды деп отыр. Соған қарамастан бидайдың сапасы жақсы. Ол уақытылы жүргізілген көктемгі-дала жұмыстарымен егіс айналымының арқасы.

Төлеген Қоныспаев – «Агрофирма Эксимнан» ЖШС директоры, Тайынша ауданы:

– Биыл біздер 12 мың гектар жерге бидай, сонша алқапқа жасымық, 6 мың гектарға майлы дақылдар ектік. Оның ішінде рапс, күнбағыс және зығыр бар. Қалғандары – жем-азық дақылдары. Жалпы егіс науқаны жақсы жүргізілді. Сондықтан, ауа райына қарамастан астығымыз жақсы шықты. Оның үстіне мына жерде былтыр бұршақ егілген болатын. Егіс айналымын жүргізіп тұрамыз.

Жалпы Тайынша ауданы бойынша 640 мың гектар жерге ырыс дәні сіңіріліпті. Биыл мұнда майлы дақылдар мен бұршақ тұқымдас өнімдер алқабының көлемі ұлғайтылған.

Руслан Көлбаев – Тайынша аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Аудан бойынша агроқұрылымдар биыл 383 мың гектар жерге бидай және бұршақ тұқымдас дақылдар екті. Соңғыларының алқабы биыл ұлғайтылды. Әсіресе, жер  жасымыққа көбірек бөлінді. Майлы дақылдар алқабы 149 мың гектарды құрап отыр. Ол өткен жылмен салыстырғанда 50 мың гектарға артық. Тағы 103 мың гектарға жем-азық сіңірілді. Қазір барлық аудан аграрийлері жұмысқа кірісті. Кейбірі бидайды құлатып жатыр.

Егіс алқабын аралаған өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов диқандардан орақ науқанының қалай жүріп жатқандығын сұрастырды.

Төлеген Қоныспаев – «Агрофирма Эксимнан» ЖШС директоры, Тайынша ауданы:

– Екінші жыл қатарынан отандық техниканы қолданып жүрміз. Орақ науқанында Сампо Азия комбайндары өзінің өзгелерге қарағанда тиімді екендігін көрсетті. Дестелегіші әмбебап болып табылады. Онымен егінді құлатпай-ақ бірден жинауға болады. Ылғалды нанды да теріп алуға ыңғайлы.

Кейін жиналғандар алқапта жайғастырылған техника көрмесін байқады. Ең алдымен Сампо комбайндары жайлы сөз қозғалды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов теріскейдің климатына бейімделіп құрастырылған техниканы агроқұрылымдар осы орақ науқанында барынша сынауы тиіс керек деді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Диқандар біздің техниканы өзгелерімен салыстыруы тиіс. Комбайнның жанар-жағармайды үнемдеуі, өнімділігі мен сапасына көңіл аудару қажет. Егер барлығы көңілден шығып жатса оны әрі қарай дамытатын боламыз. Сондықтан, бұл жерде сіздердің пікірлеріңіз маңызды.

Мұнда тағы «Авагро» және Петропавл трактор зауытының да шығарған техникалары жайғастырылған. Соңғылары биыл 12 трактор мен 10 егіс кешенін сатыпты. Бұл кәсіпорындардың техникалары да алдағы уақытта өзгелермен салыстырылмақ. Кейін ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті жайлы жиналғандарға облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров баяндап берді.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Ауыл шаруашылығындағы ішкі жалпы өнім көлемі 81 млрд теңгені құрады. Салаға тартылған инвестиция көлемі – 32 млрд теңге. Ол өткен жылмен салыстырғанда 23 пайызға артық. Биыл шаруаларға 44 млрд теңге көлеміне мемлекеттік қолдау көрсетілді. Соның 68 пайызы игерілді. Жыл соңына таман толық игеріледі деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер өткен жылмен салыстырғанда 1,7 пайызға артық, яғни 50 млрд теңгенің тауарын шығарды.

Бүгіндері ауыл шаруашылығы дақылдарын жинаған соң қалған қалдықтар шіріп сол жерде жатады. Енді оны да кәдеге жарататын кез келді. Кездесуде олардан минералды тыңайтқыштар алу қажеттігі айтылды.

Антон Федяев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Егер өңірдегі әлеуметтік мекемелерде арнайы қазандықтар орнатылса, онда қалдықтар жағылып, одан қалған күл мен минералдар жерге сіңірілетін болады. Жалпы облыс тұрғындары 410 мың тонна көмір пайдаланады. Жылыту маусымында бюджеттік мекемелер – 173, заңды тұлғалар – 150, орталық қазандықтар 47 мың тонна көмір жағады екен. Бұл – Петропавл жылу электр орталығын есептемегендегі көрсеткіш. Сонда барлығын есептегенде 780 мың тонна шығады. Осының барлығы 940 мың тонна сабанға пара-пар.

Ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметіне сәйкес, орақ науқанынан соң теріскейде 4 млн тоннадан астам қалдықтар қалады екен. Соның бір бөлігі тыңайтқыш ретінде, тағы бір бөлігі мал азығына қажет. Ал, 40 пайызы түкке жарамсыз болып, күзде жағылады екен. Нақ соны отын ретінде қолдануға әбден болады. Одан шығатын зияынды заттар мөлшері де көмірге қарағанда аз көрінеді. Ол қоршаған ортаны жақсартып, экологияны ластамауға және қаржыны айтарлықтай үнемдеуге септеседі.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Биомасса туралы ЭКСПО көрмесінде көп айтылып жүр. Бұл барлығы соның нәтижесі деп білемін. Осындай баламалы энергия көздерін одан әрі дамыта түсуіміз қажет. Соның нәтижесінде біз екі жылдың ішінде 500 млн теңге көлемінде бюджеттік қаржыны үнемдейтін боламыз. Сол себепті, майлы дақылдар алқабын арттырып, одан қалған қалдықтарды пайдаланып үйрену керек.

Сабан, міне, мынадай қазандықтарда жағылады. Бұл әдісті польшалық кәсіпкерлер 20 жылдан астам уақыт қолданып келеді. Олар алдағы уақытта тәжірибелерімен солтүстікқазақстандықтармен де бөліспек. Кейін жиналғандар «Тайынша май» зауытына ат басын бұрды. Мұнда майды тазарту цехі ашылды.

Сәкен Мұхамедиев – «Тайынша май» ЖШС тең құрылтайшысы:

– Жаңа ашылған цех күніне 400 тонна майлы дақылдарды өңдеуге қауқарлы. Бұл еліміздегі ірі өндіріс ошақтарының бірі болмақ. Өнімге ешқандай химиялық қоспалар қосылмайды. Ол толығымен механикалық өңдеу арқылы жасалатын болады. Таза, экологиялық өнім. Тауар Қытай нарығында сұранысқа ие.

Биыл теріскейдің жер емген шаруалары 4 млн 222 мың гектар жерге дән сіңірген. Оның 2 млн 963 мың гектары бидай болса, 712 мың гектарға майлы дақылдар егіліпті. Енді диқандар алдында бітік шыққан өнімді суыққа ұрындырмай, шашау шығармай жинау міндеті тұр. Ол жайында облыс аграрийлері бас қосқан жиында сөз болды. Жалпы ағымдағы жылы өлкемізде ауқымды әртараптандыру шаралары жасалған.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Үстіміздегі жылы майлы дақылдар көлемі 200 мың гектарға ұлғайтылды. Әсіресе, Тайынша, Жамбыл, Есіл аудандарында бұл шаруа қарқынды жүргізілді. Тағы бұршақ тұқымдас дақылдардың алқабы 2,5 есеге өсіп, 196 мың гектарды құрады. Биыл өңірде алғаш рет 2 мың гектардан астам жерге соя егілді. Ол негізінен М. Жұмабаев ауданында себілді. Алдағы уақытта әртараптандыру жұмыстары әлі де жүргізілетін болады.

Тағы шаруалар теріскейдің ауа райына қолайлы тұқымдарды сеуіп, егіс айналымын қолдануы тиіс. Аурулармен күрес уақытылы жүргізіліп, минералды тыңайтқыштар жерге сіңірілуі керек. Мұны кездесуге қатысқан ғалымдар айтып отыр. Жалпы осы шаралардың маңызды екендігін солтүстікқазақстандық диқандар қауымы жақсы біледі. Бұлардың барлығын ескеріп те жүр. Енді тек ауа райы аграрийлерге қолбайлау болмаса болды. Өйткені, синоптик мамандардың болжамы шаруаларды қуантпады.

Қымбат Мерғалимова – «Қазгидромет» РМК СҚОФ директоры:

– Тамыз айы құбылмалы болады. Бірақ, ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін қиындық тудырмайды. Қыркүйек айы жаңбырлы әрі суық болады деп күтілуде. Кей кездері ауа температурасы түнде, тіпті, +1 градусқа дейін төмендейді. Ал, айдың соңында қарлы жаңбыр жаууы ықтимал.

Сондықтан, шаруалар тезірек қимылдап, ораққа білек сыбана кірісулері керек. Яғни, тамыздың тамылжыған күндерін пайдаланып қалған абзал. Оған бар мүмкіндіктер жасалған. Техника сақадай сай, жанар-жағармай бар. Элеваторлар алқаптан жеткізілген нанды қабылдауға әзір. Кездесуде сөз алған аймақ жетекшісі Құмар Ақсақалов бірқатар проблемалы тұстарға назар аударды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бүгіндері облысымыз республикада жалақы мөлшері бойынша ең соңғы орында. Ағымдағы жылдың алты айының қортындысы бойынша өңірдегі орташа еңбекақы 99 мың 930 теңгені құрап отыр. Ал, ауыл шаруашылығы саласында ол – 77 мың теңге. Мен жалақыны көтеру туралы агроқұрылым басшыларымен кездесуде талай рет айттым. Қызметкерлердің маңдай терімен тапқан табыстары жоғары болуы тиіс. Тағы көп жерлер мақсатты пайдаланылмай келеді. Парға қалдырылған жерлерді тексеру керек. Сонымен, қатар жұмыс орындарын көптеп ашу қажет.

Жиында тағы егін егумен қатар мал шаруашылығымен айналысудың маңыздылығы айтылды. Өйткені, ол еңбеккерлерді жыл он екі ай жұмыспен қамтуға септеседі. Оның үстіне салаға көрсетілетін мемлекет қолдауы да мығым. Бірақ, өкінішке қарай, жобаларға қатысуға ауыл азаматтары құлықсыз. “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламаларына қатысушылар әсіресе, Есіл, Ақжар, Тимирязев, Уәлиханов және Шал ақын аудандарында жеткіліксіз. Сондықтан, бұл аудан басшыларына облыс әкімі жұмысты күшейтуді тапсырды. Кездесу соңында өлкеміздегі алдыңғы қатарлы агроқұрылым басшылары сөз алып, өз тәжірбиелерімен бөлісті.

 

Магжан Ахмадина