Спорт

Тамыздың 24-27-сі аралығында Астанада СҚО мәдениет күндері өтеді

Бұл үшін аттың құлағында ойнайтын 50 спортшы Елордаға қоса аттанады. Білекті жігіттер мен жүректі қыздар астаналықтарға “Қазанат” ипподромында ұлттық спорт түрлерінің қыр-сырын көрсететін болады. Қазір Петропавлдағы күнделікті жаттығулар аяқталып, ауыздықпен алысқан 30 арғымақ ендігі Елордаға жеткізілді.

Ольга Патошкина, Ат спорты түрлерінен БЖСМ директоры:

– Облысымыздың мәдениет күндері аясында тамыздың 26-сы мен 27-сі Астанада біздің команда мен Ақмола облысы арасында Көкпардан жолдастық кездесу өтеді. Дайындығымыз жақсы. Әр шабандоз өз атымен жіберіледі. Жорғалардың мінезі иесінікіне сай келуі керек. Бір-біріне үйренген болуы маңызды.

Астаналықтарға тағы бір – сый. Этноауылда шеру өтпек. Жай шеру емес – шашасына шаң жұқтырмайтын асыл тұқымды бәйге аттар жортып, бүркіт қалықтап, тазы жүгірген көш өтеді. Ұлттық спорттың өзге түрлері де дәріптелмек.

Руслан Есеналин, СҚО спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы:

– Шараға Ат спорты түрлерінен БЖСМ және “Көкпар” ат спорты клубы қатысады. Этноауылда – Тоғызқұмалақ, Бестас, Жілік ұру ойындары болады. Қазақ күресінен “Түйе палуан” ашық турнирін өткіземіз. Бұл үшін арнайы сыйлықтар да тағайындалған.

Солтүтік Қазақстанның мәдениет күндері Астанада тамыздың 24-27 аралығында өтеді. Қызылжардағы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры, Н.Погодин атындағы орыс драма театры мен қуыршақ театры елорда тұрғындарын қойылымдарымен қуантпақ. Ал, өңір тарихынан облыстық тарихи өлкетану музейі мен Мемлекеттік архив апарған құнды жәдігерлер паш етіледі. Теріскейдің мәдениет күндері ЭКСПО қалашығындағы амфитеарда өтетін үлкен Гала-концертпен мәресіне жетпек.

 

Акбопе Танирберген