МТРА жаңалықтары

Өңірде жібек құрттармен күрес жалғасуда

Қайрат Аушакимов – Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы Қызылжар аудандық филиалының агроном-энтомологы:

– Феромонды-желімді қақпан арқылы біз аталық көбелектерді ұстаймыз. Олар құрылған тұзаққа жабысып қалады. Осылайша, біз жібек көбелектердің көбеюіне тосқауыл қоямыз. Айту керек, Қызылжар ауданы бойынша мұндай қақпанның 40-ы тұр.

Мұндай қауіп Қызылжар ауданынан бөлек, Жамбыл, Мамлют және Шал ақын ауданындағы ормандарға да төнген. Жалпы биыл жұлдыз құрттар өңіріміздегі 248 гектарға жуық орман алқабында анықталған.

Қайролла Байтеңізов – СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

– Облыс аумағында мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 549,6 мың гектар жерді алып жатыр. Биыл оның 247,7 гектарынан жібек құрттардың бары анықталды. Зиянкестерді аулау үшін республика бюджетінен 312,4 мың теңге қаражат бөлінді.

Айту керек, феромонды-желімді қақпан 1,5-2 метр биіктікке ілінеді. Ал, оның жарамдылығы 40 тәулікке дейін жетеді. Яғни, бұл уақыт аралығында зиянкестер құрылған тұзаққа түсіп, азаяды. Қазір жібек көбелектерінің ұшу маусымы аяқталған. Сондықтан, мамандар бір-екі күнде бұл қақпандарды алып тастап, өз зерттеулерін бастайды.

 

Айгерим Ержанова