Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір педагогтары кезекті тамыз кеңесінде бас қосты

Мадина Дарбаева – «Алтын бесік» балабақшасының директоры:

– Бүгінде бұл жобамыз Алматы, Орал және Астана қалаларында жұмыс жасауда. Ол 5 модульден тұрады. Жаңашыл бағдарлама балалардың дамуына зор ықпалын тигізіп отыр. Мәселен, біздің бүлдіршіндер гаджеттердің көмегімен сурет салып, классикалық шахмат ойынын меңгерген. Сондай-ақ, 5 жасар ұл-қыздарымыз жолда жүру ережесі мен бағдаршаманың жұмысымен жақсы таныс.

Бұдан соң ұстаздар қауымы өткен оқу жылында атқарған жұмыстарын айтып, жеткен жетістіктерімен бөлісті. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова әріптестеріне биылғы оқу жылына құрылған жоспарды таныстырды.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Бүгінгі таңда білім саласында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017-ші жылғы 31-ші қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауындағы міндеттер орындалуда. Бағдарламалар жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта да біз оны білім бағдарламаларына енгізуге тиіспіз.

Жыл сайын білім саласына жаңартулар енгізілуде. Мәселен, биылғы жылы еліміздің түлектері алғаш рет жаңа форматттағы ҰБТ-ден өтіп, кейін өздері білім алатын мектептерде пәндік емтихандарын тапсырды. Осылайша, ағымдағы жылы өңір бойынша түлектердің жинаған орташа ұпайлары 75,03-ті құрап отыр. Бұл өзге аймақтардың көрсеткішімен салыстырғанда өте төмен. Солтүстік өңір республика бойынша 16 аймақтың ішінде 15-ші орынға тұрақтаған. Бұл ретте облыс әкімі Құмар Ақсақалов нәтижені алдағы уақытта жақсарту қажеттігін айтты. Өйткені, ҰБТ-ден жиналған ұпай саны оқушылардың болашағына өз әсерін тигізеді. Жыл сайын бұл емтиханға өңір түлектерінің 40 пайызы қатыспайды екен. Себебі, олар Ресейдің ЖОО-ын таңдайтын көрінеді. Ал, кейін бұл мәселе үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Соның бірі – кадр тапшылығы.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Былтырғы оқу жылында біз білім саласында мамандар жетіспеушілігін анықтадық. Аудандарда ұстаздардың аздығынан 400 мұғалім қатарынан бірнеше елді мекенде жұмыс жасаған. Алдағы уақытта мұндай мәселе өңірде болмауы керек. Жоспар бойынша жаңа оқу жылында бұл проблема толығымен шешілуі тиіс.

2016-шы жылы өңірде “Дипломмен ауылға” бағдарламасы арқылы 188 маман көтерме ақы алса, тағы 76-сына баспана алу мақсатында жеңілдетілген несие берілген. Ал биылғы жылы облысымыздың елді мекендеріне 510 жас маман жіберілмек.

Осылайша, өңірдегі кадр тапшылығы мәселесі 2017-2018-ші оқу жылында түбегейлі шешілетін болды.
Кейін өңір басшысы білім саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылымен құттықтап, үздік педагогтарды грамота және алғыс хаттармен марапаттады. Ал Тимирязев ауданындағы Сәбит Мұқанов атындағы мектеп-гимназиясы өңіріміздегі орта білім беретін үздік ұйым деп танылып, 19 млн 567 мың теңге сыйақы алды.

Ирина Попова – Сәбит Мұқанов атындағы мектеп-гимназиясының директоры, Тимирязев ауданы:

– Бұл марапатты біз «Тиімді көшбасшылық мектеп» атты иновациялық жоба ойлап тауып, оны жүзеге асырып отырғанымыз үшін алдық. Аталған жаңашылдықтың арқасында біз әр сабаққа смарт жоспар құрамыз. Кейін оны өзіміз орындап, нәтижелерді шығарамыз. Мәселен, былтырғы оқу жылында біз оқушылардың білім сапасын 8 пайызға арттырдық. Ал келер жылы бұл көрсеткішті 9-10-ға дейін көтеруді жоспарлап отырмыз.

Бұдан бөлек ақшалай сыйақы тағы 40 үздік педагогқа берілді.

 

Айгерим Ержанова