Әр түрлі

Сенат депутаттары Петропавлдағы зауыттардың жұмысымен танысты

Ерік Сұлтанов – ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров өңірдегі машина жасау кәсіпорындарының әлеуеті өте жоғары екенін байқады. Алдағы уақытта Парлемент тыңдалымында осы зауыттың өндіріс қуаттылығын бірнеше есеге арттыру жөнінде ұсыныс қаралады. 2014 жылы “ЗИКСТО” зауытының жылдық айналым қаражаты небары 1 млрд теңге болатын. Биыл ол көрсеткіш 15 миллиардқа дейін жетеді. Демек, 1,5 мың пайызға дейін өсім болады.

Қазірдің өзінде “ЗИКСТО” АҚ-ның өнімдеріне сұраныс 6 есеге артқан. Соған байланысты кәсіпорындағы бір цехта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Олег Чудопал – “ЗИКСТО” АҚ бас инженері:

– Осы күні 10-шы цехты қайта жарақтаудамыз. Онда жыл сайын 2 мың жүк вагонын құрастырып шығармақшымыз. Цехта вагон қаңқаларын дәнекерлеу және сырлау жұмыстары орындалады.

Кәсіпорында бұдан өзге платформа құрастырылады. Өткен жылдың қараша айынан аталмыш жүктасығыштың 1180-і жасалыпты.

Осы күні ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров пен Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов ІІД-нің ұжымымен кездесті. Жиында полиция өкілдерінің беделін көтеру жөнінде сөз қозғалды. Кездесуден кейін халық қалаулылары мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтің ескерткішіне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етті.

Бәйкен Әшімов көзі тірісінде бірнеше облысты және 14 жыл үкіметті басқарған. Жерлесіміздің ескерткіші мәдениет және демалыс саябағында орналасқан.


Берік Қасен